Алматы облысында жеңіл көлік жол ережесін бұзып, пойызбен соқтығысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
2025 жылғы 15 маусымда сағат 09:19-да Жіңішкесу – Шелек аралығының (Жетіген-Алтынкөл учаскесі) реттелетін, қорғалмайтын теміржол өткелінде Toyota Land Cruiser маркалы жеңіл автомобиль жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзып, жүк пойызымен соқтығысты.
ҚТЖ-нің мәліметінше, құрбан болғандар жоқ.
Жүргізуші қолын сындырып алған, оған медициналық көмек көрсетілді.
– Пойыз қозғалысы 30 минутқа кешігіп, қалпына келтірілді. Өткел барлық қажетті ескерту белгілерімен жабдықталған, – делінген хабарламада.
Жыл басынан бері теміржол өткелдерінде 23 жол апаты болды. Негізгі себеп – автокөлік жүргізушілерінің жол жүру ережелерін бұзуы.
ҚТЖ жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға және темір жолдарды кесіп өту кезінде аса сақ болуға үндеді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында автобус пойызбен соқтығысып қала жаздағанын хабарлаған едік.