Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі Владимир Джуманбаевтың бизнес-империясы өсе түсті: оның «Алтыналмас» компаниясы екі жаңа активті иеленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШҚО мен Ақмоладағы жаңа активтер
Forbes тізіміндегі олигарх Владимир Жұманбаевқа тиесілі «Алтыналмас» АҚ екі компанияның ресми иесі атанды – олар: «Анисимов ключ» ЖШС мен «Met Miner» ЖШС. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланды. Құжат 12 маусыммен даталанған.
Мәміле сомасы ашық жарияланбағанымен, қазір «Алтыналмас» бұл екі кәсіпорындағы үлестің 100 пайызын иеленіп отыр. Бұл сауда компанияның тау-кен өндіру саласындағы ауқымын кеңейту жөніндегі стратегиялық бағытын растайды.
«Анисимов ключтың» полиметалдары
«Анисимов ключ» ЖШС Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданында кен орнын игерумен айналысады. Учаске аумағы шамамен 11 гектарды құрайды, ал кәсіпорынның жылдық қуаты – 500 мың тонна кен. Негізгі бағыты – мыс өндірісі. Компания сегіз жылдан бері жұмыс істейді және осы уақыт ішінде 45 миллион теңгеден астам салық төлеген, оның 25 миллионын былтыр аударған. Бұған дейін кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясының құрамына кірген.
Геобарлау және алтын
Сатып алынған екінші актив – «Met Miner» ЖШС – геологиялық барлау жұмыстарымен айналысады. Компания Ақмола облысындағы Аксуский алаңы мен Степногорск ауданы аумағында пайдалы қазбалар іздеумен шұғылданады. Үш жыл бұрын құрылғанымен, қазірдің өзінде алтын, мыс және басқа да пайдалы қазбаларды барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Алтыналмас» құрамына енгеннен кейін барлау мен жер қойнауын игеру жұмыстарының қарқыны артуы мүмкін.
Алтыналмас экспансиясы – ірі капиталдың күшеюі
«Алтыналмас» компаниясының кеңеюі кен өндіру активтерінің ірі капитал қолына шоғырлану үрдісінің жалғасып жатқанын көрсетеді.
Владимир Жұманбаев деген кім
Forbes нұсқасы бойынша, Владимир Жұманбаев 2024 жылы Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері қатарында 25-орында тұр. Олигарх «АК Алтыналмас» АҚ, «Горно-металлургиялық концерн Казахалтын» АҚ, «Қаражыра» АҚ және «Бенкала кен өндіру компаниясы» АҚ-да ірі үлеске ие. Сонымен қатар, «VertexHolding» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы. Бұдан бөлек, «Қазақмыс Холдинг» ЖШС жанындағы отын-энергетикалық кешенді басқару директоры қызметін атқарады.
Былтыр жазда Қырғызстанның ҰҚК Жұманбаевтың аты-жөні Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының қызметін қаржыландыру ісіне байланысты аталғанын хабарлаған. Алайда кейін бұл іс бойынша тергеу тоқтатылды.