Жеке деректердің тарауы: министрлік кінәлілерді тапқанымен дәлел келтіре алмай отыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Желіге тараған деректердің жеке медициналық ұйымдарға тиесілі болуы мүмкін екенін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде болжайды. Алайда бұл нұсқаны растайтын нақты дәйектер ұсынылған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕРЕКТЕРДІҢ ТАРАУЫ

Цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтің айтуынша, интернетке шыққан қазақстандықтардың жеке деректері – бұрын болған ақпараттық олқылықтардың салдары. Оның пікірінше, бұл деректер 2016–2020 жылдар аралығындағы ескі мәліметтер.

– Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, бұл деректер 2016-2020 жылдары тарап кеткен. Яғни адамдар бұрын тараған мәліметтерді жинап, бір жерге жариялап отыр. Бұл — бұрынғы ақпараттық ақаулар. Бұл деректердің жекеменшік медициналық мекемелердің жүйелерінен шығуы әбден мүмкін, – деді Мұсалиев.

Алайда ол бұл болжамды растайтын нақты айғақтарды ұсынған жоқ.

ТЕРГЕУ

Еске салайық, күні кеше 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегінің тарап кетуіне байланысты тергеу басталған еді. 

Бұл жайтқа қатысты премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пікір білдірген еді.