Кәсіпкерлер жаңа салық кодексіне маңызды өзгеріс енгізуді сұрады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда креативті индустрия өкілдері салық кодексінің жаңа редакциясына қатысты алаңдаушылық білдіріп, мемлекеттік органдарға ашық хат жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Салық кодексінің жаңа нұсқасына сәйкес, «жеңілдетілген режимдегі» жеке кәсіпкерлерден  сатып алынған қызметтерді заңды тұлғалар мен жалпыға бірдей белгіленген салық режиміндегі жеке кәсіпкер өздерінің шығындары ретінде есептей алмайды. 

Digital Business мәліметінше, бұл өзгеріс B2B сегментінде жұмыс істейтін жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлердің мүмкіндігін шектейді. Нәтижесінде продакшн және жарнама агенттіктерінің шығындары шамамен 20%-ға артуы мүмкін, мердігерлер саны қысқарып, жұмыс процестері қиындай түседі.

ҰСЫНЫС

Хат авторлары бірнеше нақты ұсыныс ұсынды:

  • Жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкерлерге B2B сегментінде жұмыс істеу құқығын сақтау (заңды тұлғалар мен ОУР-дегі ЖК-ге қызмет көрсету);
  • Заңды тұлғалар мен жалпыға бірдей белгіленген тәртіптегі жеке кәсіпкерлерге, келісімшарт пен қажетті құжаттар болған жағдайда, жеңілдетілген режимдегі ЖК-ден алынған қызметтерді шығынға жатқызу құқығын сақтау;
  • B2B сегментінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкер үшін жеке салық мөлшерлемесін белгілеу мүмкіндігін қарастыру (мысалы, 6–8%), бірақ жеңілдетілген режимді сақтай отырып;
  • Қажет болған жағдайда жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкерден алынған қызметтердің шығынға енгізілетін сомасына лимит қою (мысалы, жылына 100 млн теңгеге дейін).

Ашық хат премьер-министрге және парламентке жолданған.

БҰҒАН ДЕЙІН

23 маусымда сенат депутаттары кодекс жобасын мәжіліске қайтарды.