Қазақстанда баланың ұлтын айқындаудың жаңа тәртібі енгізіледі

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Конституциялық сот баланың ұлтын айқындаудың жаңа тәртібін енгізгелі жатқанымен, әркім өз ұлтын таңдайтындай мүмкіндік берілмейтінін атап өтеді,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованің айтуынша, Парламент депутаттары бастамашы болған бірнеше заң жобасына Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдары мен қорытындыларына байланысты заңнамалық ұсыныстар топтамасы енгізілген.

Заңнамалық күн тәртібінде мынадай мәселелерді қарауды ұсынамыз: қылмыстық-процестік кодекске, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске және онымен байланысты өзге де заң актілеріне құқықтық ұстанымдарды ескере отырып өзгерістер енгізу ұсынысы бар. Өзгерістер алқабилерді сот процесін кезінде ауыстыру тәртібіне, баланың ұлтын анықтау және атап көрсетуге, баланы асырап алу институтын жетілдіруге, алимент төлеу міндеттемелерін орындауға қатысты, – деді Әзімова Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Баланың ұлтын анықтау мәселесінде кез келген ұлтты еркін таңдау құқығы берілмейді. Алайда ұлты тек ата-анасының ұлтына қарап қана емес, басқа жағдайлар бойынша да көрсетілуі мүмкін болады. Мәселен, бала жетім болса немесе ата-анасының құжаттары жоғалған жағдайлар ескеріледі. Қолданыстағы заңда мұндай жайттар ескерілмеген.

ӘҢГІМЕ НЕ ЖАЙЛЫ

Бұған дейін Қазақстанда баланың ұлтын ата-анасына қарамай айқындауға рұқсат етілгелі жатқаны хабарланған еді. Конституциялық сот кәмелетке толмаған баланың ата-анасы туралы ешқандай мәлімет болмаса, оның ұлтын айқындауға рұқсат беретінін соттың баспасөз қызметі хабарлаған.

Жуырда Конституциялық сотқа қамқорлығындағы баланың ұлтын ресми түрде көрсеткісі келген азамат жүгінген. Баланың ата-анасы туралы ешқандай мәлімет болмағандықтан, АХАТ баланың құжаттарына ұлтын жазудан бас тартқан. Соттар да Неке және отбасы туралы кодекстің 65-бабына сілтеме жасай отырып, егер ата-анасының ұлты айқындалмаса, баланың ұлтын анықтау мүмкін емес деген шешім шығарған. Конституциялық сот норма мұндай жағдайларды қарастырмайтынын және өзін-өзі сәйкестендіру құқығын бұзатынын мойындаған еді.