Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты қысым көріп жатқанын мәлімдеді

Сымбат Сатыбалдина
Фото: Ұлысмедиа

Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты, заңгер Мейірман Шекеев қысым көріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚЫСЫМ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

Шекеев оған қысым жасалып жатқанын айтып, қолдау сұрады. Оның сөзінше, бәрі Шерзаттың ісін алғалы басталған. 

- Шерзаттың ісін алғалы маған жан жақтан жасырын қысым жасалып жатыр. Бәріне сабырлықпен келе жатқан маған, енді біреулер басқаша әрекет етпек көрінеді. Шерзаттың апелляциялық сотына жібермеу мақсаты ма, әлде басқа ма – әзірге нақты білмедім. Десе де Астана қаласының судьясының маған айтпағанымды айттың деп, жеке ұйғарымдардағы уәждерді көзіңді бақырайтып қойып, ойдан құрастырғаны жайдан жай емес екені айдан анық, дейді адвокат. 

Оның сөзінше, сотталушылардың бірінің туысы министрлікте істейді деген ақпарат тараған. 

- Алдында сотталушылардың бірінің туысы министрлікте істейді дегенде мән бермеп едік. Алайда менің білуімше жел сол жақтан тұрып жатқан сияқты. Әділетті сот жоқ жерде, әділетті Қазақстанның иісі де шықпас. Тек мені артымда қолдаушы халық тұрғанда ешкім сындыра алмас деп ойлаймын!, дейді Шекеев. 

БҰҒАН ДЕЙІНГІ ҚАСТАНДЫҚ

Еске салайық, сәуірде Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесінен кейін жәбірленуші тараптың адвокаты күтпеген оқиғаға тап болған еді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев желідегі парақшасында видео жариялады. Бейнежазбада адвокаттардың бірінің автокөлігін көруге болады. Көліктің дөңгелегінің екі бұрандасы жоқ. 

Артынша бұл дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалды.