«Қорғас ісіндегі» азаптау бойынша сот процесі жабық өтетін болды

Ulysmedia
Фото: shopomania.kz

«Қорғас ісіндегі» азаптау бойынша процесс жабық өтетін болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Бұрынғы қаржы полициясы қызметкерлерінің ісі бойынша сот процесі жабық режимде өтетін болды. Мұндай шешімді Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әсия Қалқаева қабылдады. Ол мұны іс материалдарындағы мемлекеттік құпияларға қатысты мәліметтермен түсіндірді.

Іс бойынша күдіктілер

«Қорғас ісіндегі» азаптау бойынша процесс маусымда басталған. Іс бойынша күдікті деп экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (финпол) бұрынғы қызметкерлері Кенжебай Жұмабеков пен Дәурен Есімбеков танылған. Оларға ҚК 141-1 -бабының 2-бөлігі (1997 жылғы Қылмыстық кодекстің ескі редакциясы) «адамдар тобы болып азаптау» бойынша айып тағылды.

Жәбірленушілер

Жәбірленуші ретінде Руслан Сыдықов, Нұрлан Сарымбетов және Нұрбек Мұратбеков танылған.2011 жылдың сәуіріне дейін олар Қорғас бекетінде кеден брокерлері болып жұмыс істеп, транзиттік декларацияларды рәсімдеумен айналысқан. Сол уақытта оларды Қазақстан-Қытай шекарасындағы экономикалық контрабандаға және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі ұстаған. Бұл оқиға кейінірек «Қорғас № 1» деп аталатын атышулы іске ұласқан. Жәбірленушілер барлығы «Қорғас ісі» бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылған. Бостандыққа шыққан соң олар журналистерге тергеу кезінде азапталғандарын айтқан.

2023 жылы тамызда Алматы қаласының арнайы прокурорлары азаптау фактісі бойынша іс қозғаған. Кенжебай Жұмабеков қамауға алынған. Ал Дәурен Есімбековке қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданған.