Сарапшы: "АҚШ-қа Қазақстан тек бір нәрсе керек"

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан АҚШ-қа тек шикізат көзі ретінде ғана қызық. Бұл туралы мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САРАПШЫ ПІКІРІ

Мұнай өндіру саласының маманы Олжас Байділдинов АҚШ-тың Қазақстаннан келетін тауарларға қатысты енгізген баж салығына (25%) пікір білдірді. Оның айтуынша, АҚШ Қазақстанды тек «шикізат базасы» ретінде ғана қарастырады. Мысалы, мұнай, уран, титан мен ферроқорытпаларға баж салығы салынбаған күйінде қалып отыр.

– Қазақстаннан өзге тауарлардың, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің АҚШ-қа жеткізілуіне баж салығы салынуы (жылына небәрі $200 млн көлеміндегі экспортқа қарамастан) бір ғана нәрсені білдіреді: АҚШ-қа біздің өңделген өнімдеріміз де, ауыл шаруашылығы тауарларымыз да керек емес. Оларға біз тек шикізат көзі ретінде ғана қажетпіз. Бұл бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалар мен индустрияландыру бастамаларының мәнін қайта қарауға мәжбүр етеді – егер АҚШ пен Еуропаға тек біздің шикізатымыз ғана керек болса, онда мұның бәрін не үшін бастадық? Егер шикізат емес экспортқа осындай оңайлықпен баж салығы енгізілетін болса, онда барлық инвестициялар мен мемлекеттік бағдарламалар шикізат өндіруді арттыруға бағытталуы керек еді. Жалпы, бұл жерде иллюзияға орын жоқ: бізді ол жақта ешкім күтіп отырған жоқ. Ал бұрынғы келісімдер мен ДСҰ нормаларын қажет болса, қайта қарап шыға салуға болатыны белгілі болды, – дейді Байділдинов.

Оның пікірінше, бұл жағдай Қазақстандағы инвестициялық климаттың нашарлауына алып келуі мүмкін.

РЕСЕЙМЕН БАЙЛАНЫС

Осы тұста сарапшы жуырда қабылданған шешімді еске салды: Ресей алдағы бес жыл бойы Қазақстанға мұнай өнімдерін кедендік бажсыз жеткізетін болды. Бұған дейін, оның дерегінше, Ресей мұнайы мен мұнай өнімдерін (ЕАЭО елдерінен басқа елдерге) экспорттау кезінде тоннасына 100 доллардан асатын баж салығы алынатын.

– Қоғам ретінде біз осы оқиғалардан қорытынды жасауымыз керек: кім Қазақстанға тек шикізат көзі ретінде қарайды, ал кім біздің экономикамызды қолдап, тұрақты дамуға мүдделі, – деді Олжас Байділдинов.

ТРАМПТЫҢ ХАТЫ

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстаннан жеткізілетін барлық тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгізетінін жариялады. Артынша сауда министрлігі Трамптың Тоқаевқа жазған хатына байланысты мәлімдеме жасады. 

Көп ұзамай президент Тоқаев Трамптың баж салығына қатысты хатына жауап берді