АҚШ Әзербайжан мен Армения арасындағы даулы Зангезур дәлізін жалға алуға дайын

Ulysmedia

АҚШ Әзербайжан мен Армения арасындағы даулы Зангезур дәлізін жалға алуға дайын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТRT басылымының мәліметінше, АҚШ Зангезур дәлізін 100 жылға жалға алуға дайын. Бұл ақпаратты АҚШ-тың Түркиядағы елшісі Том Баррак та растаған.

– Олар 32 шақырым жол үшін дауласып келеді. Бірақ бұл әзіл емес. Бұл 32 шақырым жол үшін он жылдан бері жалғасып келе жатқан дау. Енді келесідей жағдай болады: Америка келеді: «Жарайды, біз жолды өзімізге аламыз. Бізге 32 шақырым жолды 100 жылға жалға беріңіздер. Сонда сіздер оны өзара бөлісе аласыздар, – дейді Том Баррак.

Баррактың сөзінше, бастама Түркия мен АҚШ тарапынан жасалған. Бірақ Армения Зангезур дәлізін жалға алатын компания Әзербайжанның Нахчыван эксклавы аумағында да жұмыс істесін деген. Бұл ұсынысты Баку елдің ішкі ісіне араласу деп бағалаған.

Бұған дейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әбу-Дабиде кездесіп, келіссөздер жүргізген. Тараптар бейбіт келісім туралы құжат мәтіні бойынша келісім жасасқанымен, оған әлі қол қойған жоқ.