Трамп Зеленскийге Мәскеу мен Санкт-Петербургке соққы жасау туралы айтқан

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге Мәскеу мен Санкт-Петербургті атқылау туралы айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

The Washington Post басылымының мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийден не себепті Киев Мәскеуге соққы жасамайтыны туралы сұраған. Келіссөздер кезінде Трамп Украина Ресей президенті Владимир Путинге қысым жасау үшін Мәскеу мен Санкт-Петербургке соққы жасауы керек деген.

The Washington Post-тың жазуынша, Зеленский Мәскеу мен Санкт-Петербургке соққы жасау үшін АҚШ Украинаға тиісті қару-жарақ беруі қажет деген. Трамп «Тамогавк» қанатты зымырандарын беру мәселесін қарастыратынын айтқан.

«Тамогавк»

«Тамогавк» қанатты зымырандары Украина аумағынан Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларын атқылауға қауқарлы. Бұған дейін, АҚШ-тың ұзақ қашыққа арналған зымырандарды беруге дайын екендігі туралы Axios басылымы дереккөздеріне сілтеп жазған.

«Тамогавк» зымырандарын беру туралы ақпаратқа Ақ үй әзірге ешқандай рекация білдірген жоқ. The Washington Post-тың жазуынша, бұл шешім кейінге қалдырылған. Бірақ Трамп оған қайтып оралуы мүмкін.

Ресейдің реакциясы

Украина Мәскеу мен Ленинград облысына бірнеше рет дрондармен соққы жасаған. Алайда, қанатты зымырандар жарылғыш заттардың үлкен көлемін алып ұшады және оларды қағып түсіру қиын. Мәскеу алысқа ұшатын зымырандарды беру қақтығыстың өршуіне әкеледі деп бірнеше рет мәлімдеген. Алайда, Ресей соғыстың бірінші күнінен бастап Украинаға қарсы «Тамогавкге» ұқсас қанатты зымырандарды пайдаланып келеді.