Ұлттық госпиталь Сара Назарбаеваның жағдайы туралы айтты

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Сара Назарбаева Алматыдағы ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальда (кеңінен белгілі атауы – Совминка) ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ұлттық госпиталь директоры Асхат Бралов ҚазАқпарат агенттігіне берген мәліметінде, науқасқа бекітілген стандарттарға сай барлық қажетті медициналық қызметтер көрсетіліп жатқанын, ол білікті мамандардың бақылауында екенін айтты. Сонымен қатар, ол диагноз, денсаулық жағдайы, емдеу әдістері мен нәтижелері туралы ақпарат дәрігерлік құпияға жататынын атап өтті. Мұндай деректерге қол жеткізу тек пациенттің рұқсатымен немесе заңда белгіленген өзге негіздер бойынша ғана мүмкін болады.

– Ақпаратты жария етпеу туралы шешім пациенттің өз мүддесін қорғау мақсатында қабылданды. Бұл оның жеке өміріне қол сұқпаушылық, құпиялық пен емделу процесіне бөгде араласудан қорғау құқығын қамтамасыз ету үшін жасалды, – деді госпиталь басшысы.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, мамыр айының басында Сары Назарбаеваның ауыр сырқатқа шалдыққаны туралы хабар тараған еді. Кейіннен оның қайтыс болғаны жөніндегі қауесеттер тарады, алайда бұл ақпаратты Қазақстанның тұңғыш президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жоққа шығарды.