Ресей Қазақстаннан миллионға жуық орыс қайтып келеді деп есептеп отыр

Сырым Қаржас
Shutterstock

Ресейге қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшіп келушілер легі азайып барады. Мәскеу бұл жағдайды Қазақстанда тұратын миллиондаған орыстың есебінен түзетуге үмітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2006 жылдан 2024 жылға дейін отандастарды тарихи отанына қайтару бағдарламасы аясында 1,2 миллион адам Ресейге қоныс аударған. Алайда соңғы алты жылда бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп отыр: 2019 жылы 108,6 мың адам болса, 2024 жылы 31,7 мың адамға дейін азайған.

СЕБЕП

Мамандар бұл құлдыраудың басты себептерінің бірі репатрианттарға қойылатын талаптардың күшеюі екенін айтады. Өткен жылдан бастап Ресей тарапы бағдарламаға қатысқысы келетіндердің орыс тілін білу деңгейін тексере бастаған. Алайда барлық үміткер бұл талапқа сай болмай шықты. Мәселен, 8,4 мың адамның өтінішінің ішінен тек 3,6 мыңы ғана қанағаттандырылған.

ҚАЗАҚСТАН

«Версия» басылымының сарапшылары Қазақстаннан Ресейге көшуі мүмкін отандастар саны шамамен 3 миллион адамға жетуі мүмкін екенін атап өтеді. Егер осыншама адам Ресейге қоныс аударса, бұл елдің демографиялық жағдайына айтарлықтай оң әсер етер еді. Соңғы жылдары Қазақстан Ресейге көшіп жатқан азаматтар саны бойынша өзге елдерден айтарлықтай озып тұр – 11,1 мың адам. Бұл таңғаларлық жайт емес: КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанда орыстар ел халқының жартысына жуық бөлігін құраған. Алайда олардың үлесі жыл сайын азайып келеді.

– 2009 жылы Қазақстандағы орыстар саны 3,8 млн адам (ел халқының 23,7%-ы), ал 2021 жылы 3 млн-ға жуық адам (15,54%) болды, – деп жазады авторлар.

2022 жылы Украинадағы соғыс басталғаннан кейін жағдай күрт өзгерді: көші-қон легі кері бағытқа Ресейден Қазақстанға қарай ауысты.

ПІКІР

Франциялық әлеуметтанушы Марлен Ларюэль 2021 жылы: «Қазақстанда орыс диаспорасының үлесі азайған сайын, олардың Ресейге көшу қарқыны да артуы мүмкін» деп жазған. Ол мұны елдегі ақпараттық кеңістіктің біртіндеп қазақтілді бола бастауымен байланыстырады.