Өскемен әуежайының экс-президенті жүйелі түрде қаржы жымқырған

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Қаржы мониторинг агенттігі «Өскемен әуежайы» АҚ басшылығына қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Тергеу өкілеттігін асыра пайдалану, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті ұрлау және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру деректері бойынша жүрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Тергеу мәліметі бойынша, 5 жыл ішінде әуежайдың бұрынғы президенті мен басқа да лауазымды тұлғалары жалақы мен сыйақыны қолдан көтеру арқылы және жалған шарттар жасасу арқылы жүйелі түрде қаржы жымқырған. Ұрланған сомалар кейіннен касса арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

– Қоғамға тиесілі көлік құралдары бухгалтерлік есептен шығарылып, нарықтағы құнынан бірнеше есе төмен бағамен сенімді тұлғаларға сатылған. Сонымен қатар, қоғамның коммерциялық нысандары жеңілдетілген шарттармен жалға берілгені анықталды: яғни, жалдау ақысы төмендетіліп, нақты жалға берілген аумақ азайтылып көрсетілген. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 157 млн теңгені құрады, – делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Шектеу қойылған дүние-мүлік

Сот санкциясымен іс бойынша күдікті деп танылған адамдардың жалпы құны 126 млн теңге көлеміндегі дүние-мүлкіне (4 пәтер, жер учаскесі және 2 автокөлік) шектеу қойылған. Күдіктілер қамауға алынған.