Әрбір қазақстандықта 8 мың доллар "қарыз" бар

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда ЕАЭО елдері арасында жан басына шаққандағы сыртқы қарыз көлемі ең жоғары, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ranking мәліметінше, Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) деректері негізінде жүргізілген есептеулерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы сыртқы қарызы 8,1 мың доллар болды. Бұл көрсеткіш 2019–2023 жылдардағы деңгеймен салыстырғанда төмен: бұрын бұл сома әр қазақстандыққа шаққанда 8,7 мың долларға дейін жеткен. Бес жыл ішінде көрсеткіш небәрі 5,2%-ға төмендеген.

САЛЫСТЫРУ

ЕАЭО елдері арасында жан басына шаққандағы сыртқы қарыз көлемі бойынша екінші орында Армения тұр, бұл елдің әрбір азаматына шаққанда 5,3 мың доллар қарыз келеді. Беларусьте бұл көрсеткіш шамамен 3,9 мың доллар, бес жылда ол 11%-ға азайған. Ең төменгі көрсеткіш Қырғызстанда тіркелген: жан басына шаққанда 1,6 мың доллар.

ДИНАМИКА

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның басқа елдер алдындағы қарызы 164,8 миллиард доллар болған. Ал биыл жылдың бірінші тоқсанында бұл сома 170,5 миллиард долларға дейін ұлғайды. Бес жыл ішінде елдің сыртқы қарызы 3,3%-ға өскен.

ҚАРЫЗ БЕРГЕН ЕЛДЕР

Қазақстанға қарыз берген елдердің жалпы саны 107. Ең ірі кредитор Нидерланды: қазақстандық компаниялар бұл елден 41,8 миллиард доллар қарыз алған. Екінші орында - Ресей: 14,9 миллиард доллар. Ал үшінші орынды Ұлыбритания мен түрлі халықаралық ұйымдар тең бөліскен, әрқайсысы 14 миллиард доллардан.