"Адал еңбекпен тапқан ақша". Перизат Қайратқа қарапайым қызметкерлер де ақша жинап берген

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот ісінде жәбірленушілер тізіміне коммуналдық қызмет өкілдері де куәгер болды. Олар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде Перизат Қайраттың қорына бірнеше миллион теңгеден аударған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сот отырысында прокурорлар денсаулық жағдайына байланысты қатыса алмаған жәбірленушілердің жазбаша куәліктерін оқып берді. Олардың арасында қарапайым азаматтармен қатар коммуналдық мекемелер де бар. Мәселен, екі алматылық тұрғын Biz Birgemiz қорына 3 және 5 миллион теңгеден аударған.

Сотта «Алматы Тазалық» мекемесінің заңгері де куәлік берді. Ол кәсіпорынның Қазақстандағы су тасқынынан кейін 3 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткенін айтты. Бұл – коммуналдық қызметкерлердің бір күндік жалақысы болған.

– Бұл қызметкерлердің күн сайын аптап ыстықта далада жүріп тапқан еңбекақылары, – деді кәсіпорын өкілі.

Астанадағы №1 Автопарк қызметкерлері де Перизат Қайраттың қорына 1,8 миллион теңге аударған. «Алматы Тазалық» өкілдері секілді олар да өз қаражаттарының қайтарылуын талап етіп отыр.

ДИМАШТЫҢ НЕ ҚАТЫСЫ БАР

Қазақстандағы ірі компаниялардың өкілдері де жәбірленуші ретінде танылды. Олардың айтуынша, Biz Birgemiz қоры ұйымдастырған қайырымдылық фестиваліне қатысуға шақырылған. Перизат Қайрат бұл шарада Димаш Құдайберген өнер көрсетеді деп сендірген. Осы уәде негізінде компания өкілдері қорға 10 миллион теңге аударған.

БҰҒАН ДЕЙІН  

Бұған дейін сотта Перизат Қайрат жәбірленушімен сөзге келіспей қалған болатын.