"Біз жеңілген жоқпыз" - Перизат Қайраттың адвокаты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның ісі бойынша жарыссөзден кейін адвокат қысқаша пікір білдірді. Жарыссөзден кейін адвокат Асланбек Дәулетияров журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Соттағы жарыссөзден кейін журналистер Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның адвокаты Асланбек Дәулетияровты дәлізде тоқтатып, пікір алуға тырысты. Алайда ол толыққанды жауап бермей, үзік-үзік сөйледі және асығыс болды.

БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап бере отырып, Дәулетияров істі ұтылдым деп санамайтынын айтты.

– Жоқ, әрине. Біз істі жеңілген жоқпыз. Іс бойынша қарсы дәлелдеріміз, айғақтарды жоққа шығаратын уәждеріміз бар, – деді ол.

Адвокат келесі сұрақтарға да кеңінен жауап беруден бас тартты.

– Барлығын өз сөзімде негіздеп айтамын, әзірге сіздерге ештеңе айта алмаймын, – деді Дәулетияров қысқа ғана.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Бүгінгі сотта жәбірленушілер мен олардың өкілдері соңғы сөзін айтты. Олардың бірі Ғайни Алашбаеваға аяушылық танытуға шақырып, анасын түрмеге қамауға қарсы шықты.