Павлодар облысының соты кәмелет жасына толмаған өгей қызын зорлады деп айыпталған 48 жастағы ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
23 шілдеде Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өгей қызын зорлады деп айыпталған 48 жастағы М есімді күдіктіге қатысты үкім оқыды. Сот айыпталушыны ҚК 120-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
СОТ ПРОЦЕСІ
Облыстық сот таратқан ақпаратқа қарағанда, істің мән-жайын заңмен жария ету мүмкін болмағандықтан процесс жабық режимде өткен. Сотталушының кінәсі жәбірленуші, куәлер мен сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша дәлелденген.
– Істің мән-жайын және сотталушының жеке басын ескере отырып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген облыстық сот таратқан ақпаратта.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.