Қазақ қызы The New York Times конкурсында жеңіске жетті

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Астаналық оқушы Фариза Фазыл The New York Times халықаралық байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Фариза Фазыл беделді халықаралық байқау – The New York Times Open Letter Contest жеңімпаздарының ондығына кірді.

Биыл байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 10 000 қатысушы қатысып, тек үздік он автордың хаты дүние жүзіндегі ең ықпалды басылымдардың бірі – The New York Times бетінде жариялануға лайық деп танылды. Фариза Фазыл қазақ қыздарының есіміне қатысты дәстүрлер туралы терең әрі ерекше тақырыпты таңдады.

– Өткен жылдардағы жеңімпаздардың хаттарын оқыдым да, ойлана бастадым. Есімдер тақырыбы ойыма өзінен-өзі келді. Қыз баланың тағдырына дәстүрлердің, соның ішінде есімнің қалай әсер ететіндігі мені толғандырды, – деді Фариза.

БАЙҚАУ ФОРМАТЫ

НЗМ мәліметінше, байқау форматы ашық хат жазуды көздеген. Бұл автор нақты бір аудиторияға үндеу арнап, сонымен қатар қоғам үшін маңызды мәселені көтеретін жанр. Міндетті талап – хат тек ақпарат беріп қана қоймай, оқырманды әрекет етуге немесе ойлануға итермелеуі тиіс.

ФАРИЗА ФАЗЫЛ

Фариза халықаралық білім байқауларына бұған дейін де белсенді қатысқан. 2025 жылы Infomatrix Asia байқауында екінші орын алып, Technovation Girls жарысында Қазақстан атынан жартылай финалға өткен. Ол болашағын ғылыммен, нақтырақ айтқанда биомедициналық инженериямен байланыстырады.

– Мақала, эссе жазу маған ұнайды. Бұл – ерекше әсер сыйлайтын дүние. Бірақ болашақта ғылым арқылы нақты өзгерістер жасағым келеді, – дейді ол.

ЭССЕ НЕ ТУРАЛЫ

Оқушы өз эссесінде қазақ қоғамында кездесетін Ұлболсын, Қызтумас сияқты есімдер туралы жазған. Batyr Jamal-ға берген сұхбатында Фариза мұндай есімдер оған жеке деңгейде әсер еткенін айтты.

– Қыздарға "Ұл тума" деген мағынадағы Қызтумас сияқты есім берілетінін естігенде жағамды ұстадым. Мысалы, Бауыржан Момышұлының әжесі Қызтумас аталған екен. Мұндай есіммен өсу қыз баланың қоғамдағы орнын төмендету деген сөз. Егер өзіме сондай есім берілсе, оны міндетті түрде ауыстырғым келер еді. Эссе жазу кезінде түрлі эмоцияны бастан кештім: бір жағынан мұң басса, екінші жағынан әлсіздік сезіндім, себебі бұл әділетсіздікке әзірге тікелей әсер ете алмаймын. Бірақ дәл осы сезім мәтінді әсерлі етті, – деді Фариза.

БҰЛ ҚАНДАЙ БАЙҚАУ

The New York Times Open Letter – жас авторлар, студенттер мен болашақ журналистерге қоғам үшін маңызды тақырыпта ашық хат жазуға мүмкіндік беретін халықаралық бастама. Байқауды The New York Times Learning Network ұйымдастырады. Мақсаты – жастардың сыни ойлау, азаматтық белсенділік және дәлелді пікір айту дағдыларын дамыту.