«Қазақтелеком» – жай ғана байланыс операторы емес. Біздің әңгімелеріміз, жеке деректеріміз, банктік операциялар, теледидар сигналдары, интернет – бәрі осы компанияның құзырында. Түптеп келгенде бұл – еліміздің «жүйке жүйесі», сондықтан байланыс сапасына ғана бас қатырып қоймай, ақпараттық қауіпсіздігімізге кім жауапты деген сұраққа жауап іздеуіміз заңды.
Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында «Қазақтелеком» АҚ әкімшілік директоры және басқарма мүшесі Ержан Мейрамов ұлттық оператор бүгінгі күні қалай жұмыс істейтінін, кадрлар қалай таңдалатынын және басшылық пен қызметкерлерге сыйақы не үшін төленетінін айтып берді.
БАСШЫЛАРДЫҢ СЫЙАҚЫСЫ
Біз үшін ең бастысы – интернеттің тұрақтылығы мен жылдамдығы, біз оны әрдайым ұлттық оператормен байланыстырамыз.
– «Қазақтелеком» – байланыс нарығындағы ең ірі ойыншы. Компания 90 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желілерге, 1,9 миллион интернет пайдаланушысына, 1,2 миллион теледидар көрерменіне қызмет көрсетеді. Қазір елімізде 5G желісін таратумен екі оператор – Tele2 және Kcell айналысып жатыр. Kcell – біздің еншілес компаниямыз, сондықтан біз бұл процеске белсенді қатысамыз.
Әлеуметтік желілерде «топ-менеджерлердің сыйақылары» қызу талқыланды. Естуімізше, олардың сомасы 50 миллион теңгеге дейін жеткен. Бұл рас па? Мұндай төлемдер қандай негізде төленеді?
– Иә, қызметкерлер жөніндегі басқарушы директордың шамамен 50 млн теңге алғаны жайлы сөз көптің аузына ілікті. Бірақ бұл – оның жылдық жиынтық табысы, яғни, айлық жалақы, материалдық көмек, демалысқа шыққанда төленетін ақы, KPI орындау бонусы – бәрін қосқандағы сома. Бұл мәселе бойынша «Самұрық-Қазына» қорының тәуелсіз комиссиясы құрылды, қазір есептеулердің негізділігі тексеріліп жатыр. Оның нәтижелері міндетті түрде жарияланады.
Демек, сыйақылар мен бонустардың төленуі қалыпты нәрсе ғой?
– Бұл кез келген ірі коммерциялық компанияда қолданылатын тәжірибе: табыстың бекітілген бөлігі бар және көрсетілген нәтиже үшін төленетін айнымалы бөлігі бар. Егер қызметкер KPI-ға қол жеткізсе – бонус алады. Қол жеткізбесе – алмайды.
KPI НЕДЕН ҚҰРАЛАДЫ
Топ-менеджерлерде KPI қандай?
– Ең әуелі, қаржылық көрсеткіштер: пайда, кірістің өсуі, клиенттерді ұстап қалу. Сондай-ақ, операциялық көрсеткіштер бар: мысалы, желіні жаңарту, клиенттік қызметті жақсарту.
Сыйақылар туралы әңгіме тарағанда желіде қарапайым қызметкерлердің де жалақысы талқыланды. Олар айына 120 мың теңге алатыны рас па?
– Жоқ. Қызметкерлердің орташа табысы шамамен 370 мың теңгені құрайды, оның ішіне айнымалы бөлігі де кіреді. Құр жалақыны өсірудің орнына біз жобалық бонустар жүйесін дамытуды құп көреміз. Мысалы, ескірген модемдерді ауыстыру бойынша «Сапа» жобасына барлық қызметкерлерге қатысу мүмкіндігі берілді. Жаңа модем орнатқандарға бонус берілді. Күніне 7-10 модем ауыстырып, айына 1-2 млн теңгеге дейін табыс тапқан қызметкерлер болды. Республика бойынша осы жобаға қатысқан қызметкерлерімізге 800 млн теңге үстемақы төленді.
«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» ЖИ-ДІ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНЫП ОТЫР
Жасанды интеллект – әлемдік тренд, бірақ қазір көп компанияда үрей бар – адамдар қысқартудан қорқа бастады. Бұл жөнінде қандай болжамдарыңыз бар? ЖИ «Қазақтелекомның» қанша қызметкерін алмастыруы мүмкін?
– «Қазақтелеком» Nvidia-ның Қазақстандағы алғашқы ресми серіктесі болды. Олармен бірлесіп Алматыда екінші суперкомпьютерлік орталық саламыз. ЖИ компания ішінде де енгізіліп жатыр, HR саласы да қалыс қалған жоқ. Бізде жасанды интеллектті қолданудың 6 бағыты бар: рекрутинг, онбординг, аналитика, оқыту, еңбекақы төлеуді басқару. ЖИ-боты үміткерлерді іздестірудің алғашқы кезеңін орындап жатыр. Бірақ инженерлер, техниктер, монтаждаушылардың жұмысы – қол еңбегі, жасанды интеллект оларды ешқашан алмастыра алмайды.
Кейде «Қазақтелеком» 150 теңге берешек үшін күніне 10 рет телефон соғады. Хабарласатын тірі адамдар ма, әлде роботтар ма?
– Бұл роботтар. Қазір борышкерлерге «қоңырау шалу» жасанды интеллектке жүктелген. Бірақ егер ұзақ уақыт төленбеген және ірі сомадағы қарыз болса, қызметкерлер қоңырау шалады.
Егер қолданушының қарызы болса, интернет дереу өшіріле ме?
– Жоқ. Тек төлем бір ай кешіктірілгенде ғана өшіріледі. Біз бәсекелестік ортадамыз: егер адам іссапарға ұшып кетсе немесе ауырып қалса, оған уақыт беру керек.
ЖҰМЫСҚА ҚАЛАЙ ОРНАЛАСУҒА БОЛАДЫ
Сіздерде басшылар қызметке қалай тағайындалады? Әділ конкурстар арқылы ма, әлде «қоңыраулармен» шешіле ме?
– Біз «Самұрық-Қазына» регламенті бойынша жұмыс істейміз. Қатардағы жұмысшыдан директорға дейінгі барлық жұмыс орындары ашық платформаларда жарияланады. Барлық үміткерлер тестілеуден, сұхбаттан, бағалаудан өтеді. Несін жасырайық, қоңыраулар да соғылады, бірақ бірақ кез келген жұмыс іздеуші аталған процестерден өтеді.
Жастармен жұмыс істеуде қандай ерекшеліктер бар?
– Бүгінгі жастар икемді, еркін. Таңдағанды ұнатады. Олар жалақыға ғана емес, жұмыстың мән-маңызына да назар аударады. Бірақ бүгінде жастарға қойылатын талаптар да өсті: қазір ағылшын тілін білу – база. Сандық құзыреттілік, аналитикалық ойлау, soft skills қажет. Кейбір лауазымдарда қазақ тілін білу, әсіресе, өңірлерде халықпен жұмыс істеу кезінде маңызды.
ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ
Компания қызметкерлерге қандай қолдау көрсетеді?
– Аз қамтамасыз етілген қызметкерлерге атаулы материалдық көмекке жылына 350 млн теңге бөлінеді. Сондай-ақ, 1 млн теңгеге дейінгі пайызсыз қысқа мерзімді қарыздар беріледі. Компанияда қызметкерлерге көмек көрсететін психолог бар, спартакиадалар өткіземіз, түрлі бірлестіктер жұмыс істейді.
Компания ішіндегі, әсіресе аймақтардағы әлеуметтік жағдайды қалай бағалайсыз?
– Жағдай тұрақты. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Батыстың мінезі шығысқа, оңтүстіктің үрдісі солтүстікке ұқсамайды. Біз диалогты қолдаймыз, кездесулер, сауалнамалар, сессиялар өткіземіз.
Биыл жұмысшыларға сыйақы беріле ме?
– Бұл мәселе қарастырылып жатыр. Бірақ біздің саясатымыз мынадай: сыйақылар тек белгілі бір нәтижелер үшін – KPI орындағаны немесе қосымша кіріс әкелгені үшін төленеді. Біз жалақыны негізсіз көтеруді қолдамаймыз.
ШАҒЫМДАР МЕН ТАРИФТЕР
Әлеуметтік желілерді бақылайсыздар ма? Қанша клиент шағым түсіретіні жөнінде хабардарсыз ба?
– Иә, біз ашық компаниямыз, сондықтан желіні үнемі бақылап отырамыз. Корпоративтік аккаунттар бар, басшылардың жеке парақшалары бар. Төраға Бағдат Мусин әлеуметтік желілерде белсенді. Бұл компания ішіндегі ашықтық мәдениеті мен реактивтілікке айтарлықтай әсер етеді.
Тарифтер өсуі мүмкін бе?
– Бәрі қымбаттап жатыр: электр энергиясы, жабдық, валюта бағамы, ҚҚС. Тарифтер қайта қаралуы мүмкін, бірақ біз бағаны ойымызға келген уақытта көтере алмаймыз – бұл монополияға қарсы органмен реттеледі. Баспасөз мәслихатында 20%- ға дейін өсу ықтималдығы туралы айтылды. Айтпақшы, тарифтер 2019 жылдан бері көтерілмей келеді.
«ҚАЙРАТ» – «РЕАЛ» МАТЧЫНДА ҚАТЕЛІК КІМНЕН КЕТТІ
«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матчта көп адам байланыс сапасына шағымданды. Неге олай болды?
– Тергеу жүргізіп, біздің желілер дұрыс жұмыс істегені анықталды. Кінә телеарналар тарапынан болды. Жүктеме өте үлкен болды – бір уақытта мыңдаған адам көрермен болды. Бұл байланыс үшін ғана емес, қаланың инфрақұрылымы үшін де сынақ болды.
Компания қазір жүзеге асырып жатқан және бүкіл ел үшін маңызды негізгі жобаларды атай аласыз ба?
– 2026 жылдың соңына дейін тағы 3000 ауыл интернетпен қамтылады. Содан кейін тұрғындар саны 250 адамнан асатын барлық елді мекендер қосылады. Ұлттық бейнемониторинг жүйесі – ІІМ, ТЖ, әкімдіктер үшін ЖИ-сараптамасы бар бірыңғай бейнетаспа операторы әзірленуде. Камералары, датчиктері және дрондары бар дала өрттерін ерте анықтау жүйесі іске қосылады. Сондай-ақ, су тасқыны, полигондар, қозғалыс мониторингі бойынша жобалар дайындалып жатыр. 2027 жылға қарай барлық республикалық және облыстық трассаларды байланыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ұлысмедианың YouTube-арнасынан көре аласыз.