"Айлық төлемей отыр": Түркияда АЭС салып жатқан қазақтармен сұхбат

Ulysmedia
Видео кадры

Түркиядағы «Росатом» салып жатқан «Аккую» атом электр станциясының құрылыс алаңында ереуіл болып, жұмысшылар жолды жапты. Ulysmedia.kz тілшісі Түркияда АЭС салып жатқан қазақтармен сұхбаттасып, мән-жайды білді.

ТӨЛЕНБЕГЕН ЖАЛАҚЫ

Ереуіл 22 шілдеде басталған. Үш ай бойы айлық алмаған жұмысшылар ереуілдетіп, жақын маңдағы жолды жапқан. Әлеуметтік желіде ереуілдің видеосы да тарады. Видеодан құқық қорғау органдарының қызметкерлері наразыларға су шашып, күшпен таратуға тырысып жатқанын көруге болады.

25 жастағы Ержан Қырғызбаев Тараз қаласында тұрады. Ол Түркияға биыл ақпанда барып, электрик болып жұмысқа орналасқан. Оның сөзіне қарағанда, компания  айлықты алғаш жұмысқа орналасқан кезде уақытылы беріп отырған. Кейін «әне береміз, міне береміз» деген сылтаулар көбейген.

- Түркияға құжат жинап, ресми түрде бардым. Екі ай ақшаны уақытылы беріп отырды. Кейін бермей бастады. Бір ай бермеді, екі ай бермеді... «Береміз-береміз» деп алдағандай болды. Айлық нақты қашан түсетінін де айтпайды. Бірақ жұмыс істеп жүрміз, – дейді ол.

Ал Түркістан тұрғыны Жандос Жүкен Түркиядағы АЭС құрылысында 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Ол Қазақстанға 5 шілдеде келген. Жандос Жүкен «Жұмысқа қайта барасыз ба?» деген сұраққа «Айлық түссе барамын, айлық түспесе бармаймын» деп жауап берді.

- Бізге TSM Enerji деген компания айлық төлейді. Осы компания Түркияға салық төлемеген деп жатыр. Біраз қарызы бар екені де айтылды. Бізге ешкім нақты түсіндірмегендіктен, әртүрлі ақпарат келіп жатыр. Қазір елдемін. Жұмысқа айлық түссе барамын, түспесе бармаймын,  – дейді ол.

Қазір құрылыс алаңында жағдай тұрақсыз. Құрылысқа жауапты түркиялық TSM Enerji компаниясы Түркияның әлеуметтік қорғау және мемлекеттік сақтандыру қоры талап еткен 58 миллион долларды төлеуге қауқарсыз болып отыр. Осы себепке байланысты АЭС құрылысы тоқтап қалуы да мүмкін.

ЕРЕУІЛДЕ ҚАЗАҚТАР БОЛДЫ МА

Журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында Қазақстан азаматтары оқиға орнынан видео жібергенін айтып, «Ол жақта 200 қазақ азаматы жұмыс істейді екен» деп жазды. Құрылыста жүрген Ержан Қырғызбаев ереуілге шыққандардың көбі өзбек азаматтары екенін айтып отыр.

- Ереуіл 22 шілдеде басталды. Ол күні ереуілді сырттай бақыладым. Айқай-шу болып, полиция қызметкерлері келді. Екінші күні (23 шілде – ред) ешнәрсе көрмедім. Себебі басқа жақта жұмыс істеп жүрдім. Бірақ ереуілге шыққандардың көбі өзбек азаматтары сияқты, – дейді Ержан Қырғызбаев.

Оның сөзіне қарағанда, Түркиядағы АЭС құрылысында түріктер де, өзбектер де, қазақтар да, түркімендер де, қырғыздар да, орыстар да жұмыс істейді.  Ержан Қырғызбаев осы азаматтардың барлығының ортақ талабы айлық мәселесі болып отырғанын айтады.

- Бізде чат бар. Ол жерде қазақтар отырады. Сол чатта «Сабыр», «Ереуілге шықпаңдар», «Керек емес», «Түбі жақсылыққа апармайды» деп айтып жатты. Біз онсызда жұмыста жүрдік. Бірақ біздің ортақ талап – айлық мәселесі.  Бізге айлық уақытылы берілсе болды, – дейді ол.

Құрылысқа жауапты TSM Enerji мердігер компаниясы әлі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Әзірге БАҚ беттерінде компанияның қарызы туралы ғана ақпарат жарияланып жатыр. Түркия билігі де ереуілге шыққан азаматтарға не үшін күш қолданғанын түсіндірмеді.

РОСАТОМ НЕ ДЕЙДІ

Түркиядағы «Аккую» атом электр станциясын салып жатқан «Росатом» корпорациясы құрылыс алаңында болған ереуілге қатысты түсініктеме берді. Корпорация түсініктемеде мердігер компания өкілдері еңбек ұжымының өкілдерімен кездескенін жазған.

«Росатом» туындаған жағдайдың негізгі себебін «достық пейіл танытпайтын елдердің әрекеті» деп түсіндірген. Корпорация «Олар ресейлік атом жобаларымен бәсекелесу үшін күмәнді тәсілдер қолданып жатыр» деген. «Росатом» өкілдері нақты ешкімнің атын атап, түсін түстемеген.

- Жобаны тұрақты қаржыландыру үшін нақты шешімдер іздестіріліп жатыр. Бұл қиындықтарға үшінші тараптың қаражаты бұғатталуы себеп болды. Біз бұл мәселені түрік тарапымен бірлесіп шешіп, жағдайды конструктивті арнаға қайтаруға тырысып жатырмыз, – делінген түсініктемеде.

«Росатом» түсініктемеде қазіргі таңда АЭС құрылысында төрт энергетикалық блок пен қосалқы ғимараттардың құрылысы жүріп жатқанын жеткізген. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Sota басылымы құрылыстағы жұмысшылар саны 12 мыңнан 3 мыңға дейін қысқарғанын жазған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЭС НЕ БОЛМАҚ

Қазақстанда 2024 жылы АЭС салу бойынша референдум өтті. Референдумда 7 820 204 адам дауыс беріп, 5 561 937 адам АЭС құрылысын қолдаған. Референдумда тәуелсіз бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіріліп, түрлі заңсыздық болса да референдум өткен болып саналды. 

Кейін Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын Ресейлік «Росатом» салатыны белгілі болды. Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Ресейдің Қазақстанда АЭС салуы туралы пікір білдіріп, «Елдің егемендігіне қауіп төндірмейді» деген.

Енді Түркиядағы жағдайды бақылап отырғандар «Қазақстандағы АЭС не болмақ?» деген сұрақ қоя бастады. Біз Түркиядағы АЭС құрылысында жұмыс істеп жүрген қазақ азаматтарға осы сұрақты қойдық. Бірақ Ержан Қырғызбаев та, Жандос Жүкен де жауап беруге ықылас танытпады.

Біздің «Мұндай жағдай Қазақстанда да болуы мүмкін бе?» деген сұраққа Ержан Қырғызбаев «Қалай болады, не болады нақты айта алмаймын. Себебі мен қарапайым электрикпін» деп жауап берсе, Жандос Жүкен «Білмейді екенмін ол жағын. Эксперт емеспін» деп жауап берді. 

Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы 12 жылға созылуы мүмкін. Құрылыс 2035–2036 жылдарға қарай аяқталады. АЭС Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңына салынады. Қаржыны Ресей береді. Қаржы реактор, бу генераторлары сияқты ірі жабдықтарға жұмсалады.

Авторы: Жәнібек Әмре