Ресей әскері Украинаға 83 дронмен шабуыл жасады – құрбандар бар

Сырым Қаржас

Ресей әскері түнгі уақытта жасаған шабуыл кезінде 83 дрон қолданған, оның 78-ін Украина әуе қорғанысы атып түсірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Украина қарулы күштеріне сілтеме жасап.

Үш жерде бес дрон нысанаға дәл тисе, тағы екі жерде дрон сынықтары құлаған.

ХАРЬКОВ

Қала мэрі Игорь Тереховтың айтуынша, шабуыл қаладағы Киев ауданында орналасқан, бірнеше жылдан бері жұмыс істемейтін азаматтық кәсіпорынға жасалған. Тағы бір соққы Шевченко ауданымен шектесіп жатқан қала маңында тіркелді.

ДОНБАСС

Донецк облысының әкімшілігі екі бейбіт тұрғынның көз жұмғанын хабарлады – бірі Константиновкада, екіншісі Мирноградта. Тағы үш адам жарақат алған.

ХЕРСОН

Херсон облысында тоғыз адам жарақат алған, оның ішінде бір бала бар. Жарақат алғандардың бірі таңертең дроннан тасталған жарылғыш заттан зардап шеккен.

ДНЕПРОПЕТРОВСК

Днепропетровск облысында екі аудан шабуылға ұшыраған. Никополь ауданына ауыр артиллериядан және “Град” зымыран жүйесінен оқ атылған, дронмен де шабуыл жасалған. Салдарынан төрт адам зардап шеккен: 47 және 60 жастағы екі ер адам, 40 және 58 жастағы екі әйел.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысқа қатысты Ресеймен келіссөздерінің нәтиже бермей жатқанына көңілі толмай отырғанын жазған едік.