Сот Руслан Берденовті атқан Ернар Жиенбайды түсіруге тыйым салды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Шымкент қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сот процесін судья Әбинұр Қарабаев жүргізуде. Іс мемлекеттік тілде, ашық форматта қаралып жатыр. Алайда судья айыпталушы Ернар Жиенбайды фото және видеоға түсіруге тыйым салды.

АЙЫП

Еске сала кетейік, Ернар Жиенбай ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») және 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айыпталуда.

ҚАСТАНДЫҚ

Оқиға 2025 жылдың көктемінде болған. Ернар Жиенбай Шымкент әкімдігі ғимаратының алдында Руслан Берденовке оқ атқан. Нәтижесінде Берденов оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.

Күдікті мұндай әрекетке баруын Берденовтің «әйеліне тиіскен» деп түсіндірген. Алайда кейін Жиенбайдың әйелі бұл мәліметті жоққа шығарған.

ӘКІМДІК РЕАКЦИЯСЫ

Қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбеков әкімдік ғимараты алдында орын алған бұл оқиғаға байланысты жария түрде пікір білдірмеді. Бұған дейін Айдарбек Ходжаназаров бұл жағдайды «тұрмыстық жанжал» деп атаған болатын.

Бүгінгі сот отырысына Руслан Берденовтың өзі қатысқан жоқ.

СҰХБАТ

Айта кетейік, Руслан Берденов бұған дейін Ulysmedia.kz порталына эксклюзивті сұхбат беріп, өзінің мемлекеттік қызметтегі жолы мен саяси амбициясы туралы ашық айтқан еді.