АҚШ Ресейдің бір бөлігін сатып алуды ұсынды

Сырым Қаржас
фото: dzen.ru

АҚШ подполковнигі Ресейден Командор аралдарын сатып алуды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

АҚШ Құрлық әскері подполковнигі Джеффри Фриц Breaking Defense басылымына жазған мақаласында Ресейден Командор аралдарын 15 миллиард долларға сатып алуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл аумақ Қытайдың Арктикадағы суасты белсенділігін бақылауға мүмкіндік береді.

СЕБЕБІ

Фрицтің пікірінше, мұндай келісім АҚШ-тың қауіпсіздігін нығайтып, Арктикадағы көшбасшылығын дәлелдейді. Ол кезінде Алясканы сатып алу да мағынасыз болып көрінгенін, алайда бүгінде оның елдің энергетикалық және қорғаныстық стратегиясының маңызды бөлігіне айналғанын еске салды.

КОНТЕКСТ

Фриц Қытайдың Арктикадағы белсенділігінің артуына және «Поляр Жібек жолы» жобасына салған инвестицияларына алаңдаушылық білдірді. Ол «Цзинь» және «Тан» класты қытайлық суасты қайықтары Беринг бұғазы арқылы Арктикаға өте алатынын атап өтті. Бұл қайықтар баллистикалық зымырандармен жабдықталған және Нью-Йорк пен Вашингтон сияқты АҚШ қалаларына қауіп төндіреді.