Тараз изоляторында 73 жастағы зейнеткер қайтыс болды

Ulysmedia
Көрнекі сурет: Фото: ntydot.info

Тараз тергеу изоляторында 73 жастағы зейнеткер қайтыс болды. Ол пара беру бабы бойынша айыпталып, апелляциялық сот шешімін күтіп жүрген,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

73 жастағы Талғат Телеуов ІІ топтағы мүгедек болған. Жүрегі ауырған. Изоляторда қамауда болған уақытында 40 рет жедел жәрдем шақырған. Телеуовтің қайтыс болған сәті бейне бақылау камерасына түсіп қалған. Сол уақытта апелляциялық сот процесі жүріп жатқан.

Бірінші инстанциядағы сот Телеуовті 9 жылға бас бостандығынан айырған.

НЕ ҮШІН СОТТАҒАН

Orda сайтының жазуынша, 2023 жылдың жазында Меркіде екі миллион қорап контрабандалық темекі тиелген жүк көлігі ұсталған. Заң бойынша, тауар жойылуы тиіс, сол үшін Тараз әкімдігінің қаржы бөліміне жіберілген.

2024 жылдың басында Телеуов тауар жөнінде естіген. Ол өзінің күйеу баласы Элимхан Мурадов пен қаржы бөліміндегі танысы Сәкен Үкімбаевпен бірге тауарды алмақ болған. Тауарды алуға көмектесу әкімдіктің тағы бір қызметкері Жәнібек Қуанышевке пара бермек болған.

21 наурызда Телеуов Тараздағы "Қарахан Халал" кафесінің жанындағы көлікте Қуанышевке 200 мың доллар берген. Қуанышев жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен байланыста болған. Сол түні тауарды «Газельге» тиеп жатқан уақытта іс бойынша күдіктілердің барлығы ұсталған.