АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украина президенті Владимир Зеленскийдің желтоқсанда Майамиде өтетін G20 көшбасшыларының саммитіне қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұл туралы ол Атлантада өткен G20 елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Бұл туралы оқиға орнынан Ulysmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Журналистер Украина президентінің алдағы саммитке шақырту алуы мүмкін бе деп сұрады.
Рубио Зеленскийді шақыру-шақырмау мәселесін АҚШ президенті Дональд Трамп өзі шешетінін атап өтті.
«Бұл – мемлекет басшыларының кездесуі. Шақыру туралы шешімді президент қабылдауы керек. Мен мұндай мүмкіндікті жоққа шығармас едім», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Рубионың айтуынша, егер Украина басшысының саммитке қатысуы оң нәтижеге жеткізуі мүмкін болса, АҚШ әкімшілігі бұл мәселені қарастыра алады. Алайда Мемлекеттік департамент басшысы әзірге бұл жөнінде нақты мәлімдеме жасай алмайтынын айтты.
Осылайша, Вашингтон Зеленскийге шақырту жіберілгенін растаған жоқ, бірақ оның желтоқсандағы саммитке қатысу мүмкіндігін де жоққа шығармады.
Бұл мәлімдеме АҚШ-тың Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатудың жолдарын іздеуге бағытталған дипломатиялық әрекеттері жалғасып жатқан тұста айтылды. Сол баспасөз мәслихатында Рубио Мәскеу мен Киевтің бейбіт келісімге жақындағаны туралы әзірге айтуға негіз жоқ екенін де мойындады.
Желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммиті АҚШ-тың ұйымға төрағалығы аясындағы соңғы ірі шара болмақ. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады деп күтілуде.