«Хутор» бандасының серкесі делінген Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа түсті

Ulysmedia
скриншот

«Хутор» бандасының серкесі делінген Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа түсті,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, 29 шілдеде іс бойынша айыптау актісі бекітілген. Іс Талғар аудандық сотына жолданған.

Полиция дерегінше, Хасан Қасымбаевтың үстінен «адам ұрлау», «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «бопсалау» баптары бойынша іс қозғалған.

ТАЛҒАР ОҚИҒАСЫ

Былтыр 4 қазанда Талғарда 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен кейін «Хутор» бандасы мен Хасан Қасымбаевтың аты аталған. Марқұмның туыстары өлімге «Хутор» бандасының қатысы барын айтқан. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарған. Хасан Қасымбаев өзінің ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоғын айтқан.

Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру», «бопсалау» және «адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.

СОТ ҮКІМІ

Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар делінген 9 адам 1 жыл 6 айдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Атап айтқанда, Абзал Шынасыл 23, Равиль Сакиев 20, Азамат Тоқтаубаев 15 , Нұрқияс Ілиясов 9, Шыңғыс Белғожаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай және Нұрбол Тоқтаубаев 7, Думан Ысқақты 1 жыл 6 айға сотталған. Жақында Думан Ысқақ бостандыққа шыққан.