Алматыда заңсыз салынған таунхаус иесі өзін өртемек болды

Ulysmedia
скриншот

Алматыда заңсыз салынған таунхаус иесі өзін өртемек болды. Бұл жөнінде мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алатау бөктерінде заңсыз салынған үш қабатты тұрғын үй бұзылды. Бұл туралы депутат Бақытжан Базарбек өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Ғимарат Бостандық ауданы Ерменсай шағын ауданындағы «Жаңару» кооперативінде салынған.

«Меншік иесі шаруа қожалығы мен бау-бақшаға арналған учаскеде екі көппәтерлі үй тұрғызды, рұқсат етілген құжаттары жоқ. Сот шешімі бойынша ғимараттар бұзылуға жатады», – деді Бақытжан Базарбаек.

Ғимаратты бұзу кезінде ер адам арандату әрекеттерін жасап, өзін өртеуге тырысты және сот орындаушысына физикалық қарсылық көрсетті. Осыған қарамастан, бұзу аяқталды.

«Біз Алматыдағы тау бөктеріндегі заңсыз көппәтерлі құрылыстарға қарсы күресті жалғастырудамыз», – деп жазды депутат.

Алматыда Алатау бөктеріндегі бау-бақшаға арналған жерлерге заңсыз тұрғынүйлер салынып кеткені туралы бұрыннан айтылады. Экологтар апорт алма бақтарының көпшілігі жекенің қолына өтіп, оның орнына таунхаустар мен жеке үйлер салынғанына наразы.