«Аштық ұстағанына 66 күн болды»: Құқық қорғаушы Марат Жыланбаевты ауруханаға жатқызуды талап етті

Ulysmedia
Фото: Facebook

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина түрмедегі саяси белсенді Марат Жыланбаевты ауруханаға жатқызуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

«Ар. Рух. Хақ» қорының басшысы Бақытжан Төреғожина сот шешімімен жеті жылға сотталған марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты ауруханаға жатқызуды талап етіп, жазба жариялады.

Оның сөзінше, 6 тамызда Жыланбаевтың аштық ұстап жатқанына 66 күн болған. Төреғожина белсендінің денсаулығы нашарлағанын, оны ауруханаға жатқызып, медициналық тексеру өткізу керектігін айтты.

Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, 5 тамызда Жыланбаевқа адвокат Денис Малюга кірген. Ол Жыланбаевтың өтінішімен желіде оның қан сынамаларының көрсеткішін жариялады.

Төреғожинаның сөзінше, Марат Жыланбаев БАҚ және халықаралық ұйым өкілдерінің түрмеге кіруін сұрап, өтініш жазған. Оны түрме әкімшілігі қабылдап, тіркеген.

Қылымыстық атқару-жүйесі комитеті және Жыланбаев отырған Степнагрскідегі түрме әкімшілігі әзірге реакция білдірген жоқ.

Бұған дейін қылмыстық атқару-жүйесі комитеті Жыланбаевтың денсаулығы нашарлағаны туралы ақпаратты жоққа шығарған. Ал белсендінің денсаулығы нашар екенін айтып, дабыл қаққан Бақытжан Төреғожинаға Алматының әкімшілік соты 78 мың теңге айыппұл салған. Оған «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша айып тағылған.

Марат Жыланбаев

61 жастағы марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясы бастамашыл тобының жетекшісі Марат Жыланбаев сот шешімімен жеті жылға сотталған. Оған «экстремизмді қаржыландыру» және «экстремистік ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылған. Жыланбаевтың өзі де, жақтастары да тағылған айыппен де, үкіммен де келіспейді. Олар істің саяси астары бар деп есептейді. Белсендінің өзі үкіммен келіспей бірнеше рет аштық та жариялаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады. Ешкім саяси ой-пікірі үшін қудаланбайды дейді.