Арменияда тәжік оппозициясының өкілі ұсталды

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Арменияда тәжік оппозициясының өкілі ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай.
Арменияда Тәжікстанның «Группа 24» оппозициялық тобының мүшесі Исмаил Холов ұсталды. Оны Грузиямен шекарада ұстаған. «Баграташен» шекара бекетенінің ресми өкілі Холовқа Тәжікстан билігі іздеу жариялағанына байланысты ұсталғанын хабарлады.

«Оның ісі қазір тексеріліп жатыр. Келесі шешім қандай болатыны белгісіз. Барлығын сот шешеді», - деді ол.

Өзге ақпарат белгісіз. Журанлистер Холовтың өзімен байланыса алмаған.

Контекст

Тәжікстанда 44 жастағы Исмаил Холовтың үстінен «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол 2011 жылдан бері Ресейде тұрған. Бірақ 2023 жылы Ресейде Тәжікстан билігінің қудалауы күшейген соң кетіп қалған.

Холов Тәжікстан билігінің сұрауымен 2015 жылы Ресейде ұсталып, жарты жыл қамауда отырған. Бірақ ол уақытта Мәскеу оны Душанбеге беруден бас тартқан.

«Мемориал» құқық қорғау ұйымының мәліметінше, 2018 жылы Ресей ІІМ Холовтың ықтияр хатының күшін жойған. Бірақ құқық қорғаушылар Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына шағымданып, оны елде қалдырған.

«Группа 24» тобын 2012 жылы кәсіпкер, оппозициялық саясаткер Умарәлі Кувватов құрған. Кейіннен ол 2015 жылы қаңтарда Стамбұлда қаза болған. Қозғалыс өзінің басты мақсаты – Тәжікстан үкіметін ауыстыру, адам құқығы мен сөз бостандығын қорғау, елде қамауда отырған саяси тұтқындарды босату және «Елбасы туралы» заңды жою дейді. Тәжікстан Жоғарғы соты ұйымды «экстремистік» деп танып, ел аумағында оның қызметіне тыйым салған.