Прокуратура Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты іс не себепті тоқтағанын айтты

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Талғарда кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс не себепті тоқтағанын прокуратура түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Прокуратура мәліметінше, Алматы облысының полициясы Нұрқанат Ғайпбаевтың өліміне байланысты қылмыстық кодекстінің 105-бабының 1-бөлігі бойынша «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған.

«Жиналған дәлелдеме, сараптама қорытындылары және өзге де материалдар негізінде Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзін-өзі өлтіру (суицид) салдарынан қайтыс болғаны анықталды. Үшінші тұлғалардың ықпалымен өзін-өзі өлтіруге итермелеу фактілері анықталған жоқ», – деп мәлімдеді облыстық прокуратурасы.

Бұған дейін адвокат Мейірман Шекеев Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты іс тоқтағанын хабарлаған. Ол алдағы уақытта істі қайта жандандыру бойынша шағым түсіретіндерін айтқан.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті былтыр желтоқсанда табылған. Сол уақытта полиция оның өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ туыстары оған сенбеген. Бұған дейін Шерзат Полаттың отбасының үйі жұмбақ жағдайда өртенген.

Талғар оқиғасы

16 жастағы жасөспірім Шерзат Полаттың былтыр 4 қазанда Талғардағы төбелес кезінде кісі қолынан қаза болған. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырып артынша тоғыз адам ұсталған.

Сот үкімі

Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар делінген 9 адам 1 жыл 6 айдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Атап айтқанда, Абзал Шынасыл 23, Равиль Сакиев 20, Азамат Тоқтаубаев 15 , Нұрқияс Ілиясов 9, Шыңғыс Белғожаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай және Нұрбол Тоқтаубаев 7, Думан Ысқақты 1 жыл 6 айға сотталған. Жақында Думан Ысқақ бостандыққа шыққан.