Сот Руслан Берденовтың жеке айғақ беруін талап етті

Мейірман Лес
Ulysmedia

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот оның жеке өзі немесе онлайн форматта отырысқа қатысуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Үшінші сот отырысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтті. Судья Әбінұр Қарабаев жәбірленушінің ресми өкілі Жеңіс Тыныбекке Берденовпен хабарласып, оның сот процесіне офлайн немесе қашықтан қатысу мүмкіндігін анықтауды тапсырды. Егер бұл мүмкін болмаса, сот тергеу барысында берілген айғақтардың видеожазбасын қарайды.

Отырыста қорғаушылар оқиға болған жерді қарау хаттамасын және екі куәгердің айғақтарын заңсыз деп тану туралы өтініш жасады. Сондай-ақ әкімдік ғимаратындағы бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар мен тәркіленген айғақтар ұсынылды.

ЖАҢА КУӘГЕРЛЕР

Сот жаңа куәгерлерді тыңдады: олардың қатарында құрылыс басқармасының қызметкерлері, әкім орынбасарының көмекшісі, сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы инспекторы және айыпталушының досы бар. Куәгерлердің бірі айыпталушының мылтықты қай жерде және қалай тексергенін айтып берді.

18 тамызда тараптардың жарыссөзі басталып, одан кейін судья үкім дайындауға кіріседі деп күтіліп отыр. Жәбірленушінің өкілі Берденовтің денсаулығы мүмкіндік берген бойда сотта сөз сөйлейтінін мәлімдеді.

ОҚИҒА ТУРАЛЫ

2025 жылғы 21 сәуірде Шымкент әкімдігі ғимаратының маңында әкімнің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалған. Ол оң жақ саны мен иығынан жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Сотта айыпталушы Ернар Жиенбай өз айғақтарын берді. Ол оқ атуға жеке себептер итермелегенін, кәсіби қызметіне қатысы жоқ екенін айтты.