Онлайн жауап, қайшылық, кешірім және сұрақ: Берденовке «қастандық ісі» бойынша сотта не айтылды

Есдәулет Қызырбекұлы
Ulysmedia.kz коллажы

Шыментте өтіп жатқан қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке «қастандық жасады» деп айыпталған Ернар Жиембайдың сотында негізгі сот талқылауы аяқталды. Бүгінгі сот процесінде іс бойынша жәбірленуші деп танылған Руслан Берденовтен жауап алынды. Берденов Ернар Жиембайдың әйелін танымайтынын, әлеуметтік желіде оған лайк басып, смс жазбағанын айтты. Бұған дейінгі сот отырысында Ернар Жиембай Берденовке қарсы оқ атуына «қызғаныш пен намысына тиетін балағат сөз себеп болды» деген.

Онлайн жауап

18 тамызда өткен сот отырысына Ернар Жиембай айдауылмен жеткізілді. Ал Руслан Берденов процеске онлайн қатысты. Ол бір сағат қана уақыты барын, сағат 11-де ота жасататынын айтты.

Бірінші болып Берденовтен прокурорлар жауап алды. Ол Жиембайды оқиғаға дейін үш рет көргенін айтты. Сөзінше, алғашқы кездесуде Жиембай «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы ретінде дұрыс есеп бере алмаған.

«Инспектор Асанбай екеуі келді жиналысқа. Үшеуміз болдық жиналыста. Ешқандай да есебі болмады. Қандай қаражат, қай жаққа жұмсалғанын, не істеп жатқанын, қандай мердігерден қандай тендер өткізгенін, қанша үйге жұмыс жасалғанын, ешқандай да ақпарат айта алмады. Мен сұрақтар қойған кезімде инспектор Асанбай оған түсіндіріп жатты, «мынаны айт, мынаны айт» деп. Сол кезде екеуі дауласып кетті менің кабинетімде. Одан кейін мен Жиенбайға қарадым да айттым: «Мына түріңмен біз сенімен жұмыс істесе алмаймыз» дедім. Сол кезде Жиембай жауап берді: «Керек болса жұмыстан шыға аламын» деді. Мен айттым: «Онда жұмыстан шыға сал» дедім. Болды, сонымен жиналыс бітті», – деді ол.

«Не айтқанымды арнайы жабдықтардан көруге болады»

Берденов Жиембайға қатысты ешқандай дөрекі сөз айтпадым, «саяси қызметкер болғандықтан кабинетімде арнайы органдардың тыңдау жабдықтары тұр. Сол жабдықтардан да көруге болады» деді. Нақты қандай жабдықтар екенін айтпады. Бірақ киім үлгісіне қатысты ескерту жасағанын жоққа шығармады.

«Сендер этикет сақтамайсыңдар ма?» деп айттым. Себебі джинсымен, ақ футболкамен келіп тұр. Мен айттым: «Әкімдікке келіп тұрсыңдар. Әкімнің орынбасарына есеп беруге келіп тұрсыңдар. Сендерде киім үлгісіне қарамай ма?» деп бір ескерту жасадым», – деді ол.

«Танымаймын, көрмедім, білмеймін»

Руслан Берденов сотта Ернар Жиембайдың әйелі Луиза Алданованы да мүлде көрмедім, танымаймын деді. Ол бұған дейін сот пен әлеуметтік желіде айтылған сөздердің барлығын жоққа шығарды. Прокурор «Луиза Алданованы танисыз ба? Оған Instagram немесе өзге де әлеуметтік желіде лайк басып, қандай да бір пікір қалдырған кезіңіз болған ба?» деп сұрады.

«Жоқ танымаймын. Көрмегенмін. Білмеймін. Луиза Алданованың сол күні берген жауаптары бар ғой. Ол да сонда растап тұр. Біз көріспегенбіз. Шынымды айтсам, оның кім екенін де білмеймін Тағы да қайталап айтамын, мен мұны полиграфпен де, шындық детекторымен де қайталап айтуға дайынмын», – деді Берденов.

Қызғаныш, лайк, смс және мылтық

Бұған дейінгі сот отырысында Ернар Жиембай Берденов намысыма тиетін сөздер айтты деген.

« Ол [Берденов] «әйелің жезөкше, жәләп болады. Балаң жетім болады» деген сөздер [айтты]. Одан кейін жеке басыма қатысты, «шашың неге түсіп қалған? Мұрын боқ, менімен төбелескің келіп тұр ма? Әйеліңе ..... тұрмайды» деген сөз менің жүйке жүйемді үзді деп айтсам болады», – деген Ернар Жиембай сотта берген жауабында.

Бұған қоса, Руслан Берденов әйеліме әлеуметтік желіде лайк басып, «сұлусың» деп смс жазды деген. Ол оған қарсы мылтық атуыма «қызғаныш пен намысыма тиетін сөздер айтуы себеп болды» деген.

«Себептердің бірі - қызғаныш. Жұбайым Берденовтің туыстарымен араласады және үнемі оны үлгі ететін. «Оның бұлшықеттері бар, костюмі қандай әдемі, қымбат» деп. Жұмыста да үнемі қысым жасалатын, намысқа да тиді. Жұбайым ажырасамын деп сотқа арыз түсірді. Берденов оған үнемі лайк басатын. Комплимент жазды... Бір күні әйелімнің телефонына «Сен сұлусың» деген хабарлама келді. Ол хабарламаны Берденов жіберіпті. Кейін суретіне лайк қойғанын да көрдім», – деген Ернар Жиембай сотта.

Ол Берденовті өлтіргім келген жоқ. Тек қорқыту үшін мылтық аттым деген.

«Мен ол кісіге мүлдем дәлдеген жоқпын. Қорқыту мақсатында ол кісіге көздемей аттым», – деді ол.

Ернар Жиембай бүгінгі сотта да оны өлтіргісі келмегенін айтты. Ол Берденовтен кешірім сұрады. Ешқандай сұрақ қоймады. «Мен темір торға отырып барамын. Отбасымыз, бауырларымыз жауласпасыншы» деп Берденовке қайырылды. Бірақ ол жауап бермеді.

Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пірәлиев: «Сіздің беріп отырған жауабыңызға қарағанда, ешқандай заң тәртібі бұзылмаған. Менің балам барды да, себепсізден себепсіз ата салған болып тұр ғой сонда? Баламның берген жауаптарында сіздің дөрекі сөйлегеніңізді, боқтап сөйлегеніңізді, біздің келініміз туралы әңгімелер айтқаныңыз туралы, қаматамын деген сөздер туралы бұл енді қазір кешірім сұрап, оның барлығын айта алмай тұр. Сол себептердің барлығын сіз айтқан жоқсыз ғой?», – деді сотта.

Руслан Берденов оған тағы да «саяси мемлекеттік қызметкер ретінде кабинетте ұлттық қауіпсіздік комитетінің жабдықтары бар. Cол жерден тыңдасаңыздар болады» деп жауап берді.

Жиембай Пірәлиев кабинеттегі бейнекамера жазбаларын іске тіркеуді сұрадық. Бірақ ол төрт күнде өшіп қалатынын айтып, орындамады» деп, Берденовтен «сол видеоны сіз бере аласыз ба?» деді. Руслан Берденов «Бұл менің құзыретімде емес» деп қысқа қайырды.

Сотта Пірәлиев ұлының қызметіне қатысты ресми органдардан ешқандай шағым түспегенін айтты. Оны жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі де растады деді. Оған Руслан Берденов «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембайға қатысты шағым өзінің жеке Instagram–на түскенін айтты. Ол оны тексеріп үлгермедім деді.

Жиембай Пірәлиев Руслан Берденовтің денсаулығына қатысты құжаттар іс материалында тіркелмегенін айтты. Берденов дәлел құжаттарын, КТ, ренген түсірілімдері барын айтты. Ол қажет болса ота жасаған бес дәрігер бар деді. Сөзінше, денесінде 60 бытыра оғы қалған.

Қылмыстық іс

Прокурор Ерлан Сәдібеков айыптау актісін оқығанда «Ернар Жиембай қасақана адам өлтіруге оқталған» деді. Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалған.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 21 сәуірде сотталушы Ернар Жиембай Шымкент қаласы құрылыс басқармасының салынып жатқан объектілерге мониторинг жүргізу бөлімінің бастығынан ақпарат алған. Ол Жиембайға әкімнің орынбасары Руслан Берденовтің нұсқауы бойынша «Тұрғынүй Шымкент» ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі керектігін айтқан.Осыдан кейін «кек алу» мақсатында оған қарсы оқ атқан.

Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында «қастандық жасалып», оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді.

Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.