«Берденов істі саясиландырғысы келеді»: Ернар Жиембай сотта соңғы сөзін айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Беденовке «қастандық жасады» деп айыпталған «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембай сотта соңғы сөзін айтты. Ол осыған дейін сотта айтқан сөзінде қалатынын, Берденовтің істі саясиландырып жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Менің ақшам жетеді, ем домға ақша сұрамаймын деп мәрттік көрсетті”

19 тамызда өткен сот отырысында Ернар Жиембай соңғы сөзін айтты. Ол оқиға өздігінен болған жоқ деді. Мылтық атуына Берденовтің намысына тиетін сөздер айтуы және әйелі (Лузиа) қатысты жасаған іс-әрекеттері себеп болды деді. Жиембайдың сөзінше, Берденов ресурстарын қосып, істі саясиландыруға тырысып жатыр.

 – Бұл оқиға өздігінен-өздігі болған жоқ деп нақты айта аламын. Мен өзімді есі дұрыс адам ретінде айта аламын. Оған сараптама қорытындылары бар. Мен себепсізден себепсіз тиіспеген адамға барып, қаруымды алып, қорқыту мақсатында оқ атқан жоқпын. Соны айтқым келеді құрметті сот. Сот тергеуімде берген жауабымды толық қуаттаймын... Сот отырысының төрағасына берген жауабында Руслан Берденов мырза маған ең аса ауыр жазаны – ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі арқылы 99-бабының 2-бөлігі 6-тармағы бойынша жазаға тартуды сұрады. Оған қоса, «бұл атылған оқ тек маған емес, бүкіл мемлекеттік саяси лауазым иелеріне қарсы атылған оқ» деп саясиландыру әрекетін жасауда. Бұл дұрыс емес. Мен өзімнен өзім жай барып, Руслан Берденовті жазықсыздан жазықсыз атып, темір тордың ар жағына ұзақ жылдарға кете берген болып тұрмын ғой... Мен өз кінәмді ішінара мойындаймын. Бұған дейін [Берденов] «Менің ақшам жетеді, ем-домға да ақшам сұрамаймын» деп мәрттік көрсетті. Бірақ кешегі сотта 25 миллион теңге сұрайтынын мәлімдеді. Мен айтатын болсам, Руслан Берденов өз өкілеттігін пайдаланып, менің жұбайыма қатысты әңгімелер айтып, жеке басыма қатысты әңгімелер айтып, балағаттап, саяси мемлекеттік лауазым иесіне лайықты емес қылықтарының арқасында осы қылмыс орын алып, мен сотталайын деп отырмын, – деді Жиембай сотта сөйлеген сөзінде.

Бұдан бөлек, ол Руслан Берденовтен кешірім сұрап, жасаған іс-әрекетіне өкінетінін айтты.

Жарыссөз

18 тамызда өткен сот жарыссөзінде айыптаушы прокурор Ернар Жиембайды 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Қорғау тарапы жазаны жеңілдетіп, керсінше бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Берденовтің заңды өкілі істің әу баста жеңіл баппен қозғалғанын айтып, оны ауырлатуға байланысты алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Қылмыстық іс

Прокурор Ерлан Сәдібеков айыптау актісін оқығанда «Ернар Жиембай қасақана адам өлтіруге оқталған» деді. Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалған.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 21 сәуірде сотталушы Ернар Жиембай Шымкент қаласы құрылыс басқармасының салынып жатқан объектілерге мониторинг жүргізу бөлімінің бастығынан ақпарат алған. Ол Жиембайға әкімнің орынбасары Руслан Берденовтің нұсқауы бойынша «Тұрғынүй Шымкент» ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі керектігін айтқан.

Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында «қастандық жасалып», оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.

Контекст

28 шілдеде Шымкенттегі сотта әкімнің орынбасарына, бұрынғы мәжіліс депутаты Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша атышулы сот процесі басталды. Айыпталушы Ернар Жиембай 6 тамызда өткен сот отырысында оқ ату жеке себептерден туындағанын алға тартты. Оның айтуынша, Руслан Берденов оның жұбайына көңіл білдіріп, жылы сөздер жазылған жеке хабарламалар жіберген.

Бір күні әйелінің телефонына «Сен сұлусың» деген хабарлама келген. Ол хабарламаны Берденов жіберіпті. Кейін Берденов Жиембайдың әйелінің суретіне лайк қойған.

Бұған қоса, айыпталушының сөзінше, Берденов оған келісім ұсынып, Шымкенттің қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбековке қарсы жалған айғақ беруін өтінген.