"Жағамнан ұстап, "сен тупойсың, шашың түсіп қалған" деді". Ернар Жиембай үкіммен келіспейді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасады деп айыпталғаны үшін сотталған Ернар Жиембай сот үкімімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ҮКІММЕН КЕЛІСПЕЙМІН”

- Менің өлтіру ниетім болмаған. Руслан Арысбекұлының “мені өлтірмекші болдың” деп қорқыныштан айтқан сандырағы болды деп ойлаймын. Видеода көргендеріңіздей өлтіретін болсам қаштырмас едім. Үкім денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен болады деп ойладым. Себебі нақты аяқталған қылмыс сол. Биологиялық өлім болған жоқ, дейді Ернар Жиембай. 

Ол апелляциялық шағым түсіре ме, жоқ па – әзірге айта алмайтынын жеткізді. 

- Біріншіден, ол кісі мені себепсізден себепсіз шақырды. Дөрекілік көрсетті. Ақымақсың, шашың түсіп қалған деп жағамнан ұстады. Көмекшісінің өзі, құрылыс басқармасының басшысы да айтты. Берденов құрылыс басқармасының басшысына “Жиембайды соттатамын, себебі көмекшіме мінез көрсетті” деп айтқан. Екіншіден, ол кісімен жолығу жолын іздеген себебім ол Forbes-та, билікте тұрған адам. Екінші рет мені соттатпаңыз, арамызда дұрыс емес қарым-қатынас болмасын деген мақсатта кездесейін дегенмін. Сол кірген кезде болған оқиға сол. “Әйелің анандай болады, сені соттатамын” деген әңгімелер. 21 сәуір күні ол мені өзі шақырды, дейді Ернар Жиембай. 

СОТ ҮКІМІ

Еске салайық, бүгін сот үкімімен Ернар Жиембай 9 жылға сотталды.