Белсенділер Данат Намазбаевты түрмеден босатуды талап етті

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында белсенділер сотталған экономист әрі блогер Данат Намазбаевтың жағдайы туралы айтты. Адвокат Жанар Балғабаева, белсенділер Әлнұр Ильяшев пен Ермек Нарымбай билікті Намазбаевты босатуға шақырып, оның қамауда отыруын өзгеше ойлайтындармен күрес деп атады. Ulysmedia.kz тілшісі олардың уәждерін тыңдады.

Facebook-тағы жазба үшін сотталды

Адвокат Жанар Балғабаева қорғауындағы азаматтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу және жазаның өтелмеген бөлігін жеңілірек түрімен алмастыру туралы бірнеше рет өтініш бергенін еске салды. Оның айтуынша, сот жүйесі бірізді жұмыс істемейді: кейде сотталғандарды ешқандай марапатсыз-ақ босатса, кейде керісінше – жағымды мінездеме болғанның өзінде түрмеде қалдырады.

Ол дәлел ретінде ҚР ҚК-нің 73-бабын келтірді. Бұл бапқа сәйкес, егер адам келтірілген залалды толық өтесе немесе қасақана тәртіп бұзушылықтары болмаса, жазаның қалған бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстыруға немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатыла  алады.

– Менің қорғауымдағы азамат осы талаптарға сай болғанымен, босатылмай отыр. Бүгінгі таңда Данат Намазбаевтың тәртібі бірінші оң деңгейде бағаланды, алайда ол әлі де заңсыз әрі негізсіз түрде қамауда ұсталып отыр, – деді адвокат.

Оның айтуынша, шілде айында сот Намазбаевқа шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан. Бұдан кейін қорғаушылар апелляциялық шағым түсірген, бірақ екі айдан бері іс материалдарының қайда екені белгісіз. 21 шілдеде жеңілірек түрімен алмастыру туралы өтініш берілген, алайда бұл өтініштің тағдыры да беймәлім. Балғабаева Намазбаевқа шыққан үкім сарапшы Роза Акбарованың қорытындысына негізделгенін атап өтті. Заңгер бұл істің саяси астары бар екеніне сенімді.

– Мұндай сарапшылар, мысалы Акбарова, биліктің өзгеше ойлайтындармен күрес жүргізудегі құралы. Біз олардың қорытындыларын жарамсыз деп тануды талап етіп, әрбір сотта бұл туралы айтамыз, – деді Балғабаева.

Қоғам өкілдерінің үн қосуы

Қоғам белсенділері Данат Намазбаевтың отбасы ауыр жағдайда екенін айтты. Наурыз айында оның анасы қайтыс болған, ал III топтағы мүгедектігі бар жұбайы үш кәмелетке толмаған баланы жалғыз өзі тәрбиелеуге мәжбүр. Белсенді Ермек Нарымбайдың пікірінше, Намазбаевты босату мәселесі жоғарғы деңгейде қаралуы тиіс.

– Ақорда түпкілікті шешім қабылдап, саяси репрессия тәжірибесін тоқтатуы керек. Билік оппозициямен диалогқа көшіп, елдегі саяси жағдайды кезең-кезеңімен либерализациялауға тиіс, – деп ұсыныс білдірді ол.

Қоғам белсендісі көктемде Мәжіліс депутаттары сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін жеңілірек түрімен ауыстыру туралы өтініштерін қарауды қазылар сотының мандатына беру жөнінде заң жобасын ұсынғанын еске салды. Нарыmbай ел басшылығын осы ұсынысқа құлақ асуға шақырды.

Өз ұстанымын белсенді Әлнұр Ильяшев те білдірді. Ол қылмыстық істің себебі Намазбаевтың Facebook-тегі жазбасы болғанын айтты.

– Данатты не үшін қамады? 2021 жылы ол Facebook-те халықтан ұрланғанды қайтару туралы пост жазды. Сол кездегі жағдайға байланысты ол: егер ондаған жылдар бойы елді тонағандар тірі кезінде қарызын қайтара алмаса, бұл талаптар олардың балаларына, немерелеріне өтуі керек деп жазды. Ал егер олар да орындай алмаса, онда тіпті органдарын сату мәселесін қарастыру қажет деген ойды айтты. Ол тек гипотетикалық үлгіні айтып отырды. Ал 2022 жылы билік активтерді қайтару туралы заң қабылдады. Иә, ол жерде органдарды алу туралы жазылмаған, бірақ заң қабылданды, – деді Ильяшев.

Контекст

Еске салайық, 2022 жылдың 14 наурызында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты блогерлер Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбайды 5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оларды ҚР ҚК-нің 174-бабы («ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыру») және 179-бабы («билікті күшпен басып алуды және конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге шақыру») бойынша кінәлі деп таныды. Қылмыстық істер 2019 жылы қозғалған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2018 жылы блогерлер билікті күшпен басып алуды насихаттап, орыс ұлтының өкілдерін қорлаған, ал Намазбаев бұған қоса «жемқорлықпен күрестің радикалды шараларын ұсынған». Екі сотталған да Қазақстан билігінің және ресейлік үгітшілердің белсенді сыншылары ретінде белгілі.

2023 жылғы сәуірде мәжіліс депутаттары Ермурат Бапи мен Абзал Құспан Намазбаев пен Боранбайдың қылмыстық істерін жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Олар сотталғандардың мақсаты сепаратистерден ұлттық мүддені қорғау болғанын, сондай-ақ бар проблемалардың еленбеуі мен ресейлік саясаткерлердің жазасыз қалуына назар аударғанын айтты.

2024 жылғы ақпанда Марғұлан Боранбай бостандыққа шықты.