Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласын қамауға сырттай санкция шықты

Ulysmedia
Фото: bes.media

Ресейлік тергеушілердің ағайынды Кәпеновтер алаяқтық схема ұйымдастырып, Қазақстандағы «ПТД» ЖШС компаниясының 25% үлесін заңсыз иемденіп алған деп есептейді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Толығырақ

ТАСС жазуынша, Анатолий Балушкиннің бизнесіне қатысты дау жаңа кезеңге өтті. Мәскеу соты Азамат және Медер Кәпеновтерге сырттай қамауға алу санкциясын беріп, оларды халықаралық іздеуге жариялады.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ағайынды Кәпеновтер Қазақстанда тіркелген «ПТД» ЖШС-нің 25% үлесін алаяқтық жолмен иемденген. Олар кәсіпкер Балушкинге банктік мәселелерін шешіп, бизнес дауларын реттеуге көмектесеміз деп уәде берген.

Алайда келісім жасалып, үлес берілгеннен кейін олар уәделерін орындамай, байланысқа шықпай қойған. Осыдан кейін Балушкин құқық қорғау органдарына жүгінген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 52 млн рубль деп бағалануда. Егер күдіктілер ұсталса, олар бірден қамауға алынады.

Балушкин деген кім

Анатолий Балушкин Қазақстанда «Азия Авто – БИПЭК» автокөлік холдингі арқылы танымал. Кейін бұл компания қаржылық қиындықтарға тап болып, сот процестері мен қылмыстық істерге ұласқан. Бұған дейін Балушкин мен оның серіктесі Ерік Сағымбаев аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша кінәлі деп танылып, сырттай 9 және 8,5 жылға сотталған.

Контекст

Азамат Кәпеновтің есімі Қазақстанда да бұған дейін аталған. Оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган тарапынан алаяқтық ісі бойынша іздеуге жарияланған, әрі Кәрім Мәсімовтің үлкен қызының бұрынғы жұбайы ретінде белгілі. Осылайша, Кәпеновтерге қатысты қылмыстық іс Қазақстанмен қатар Ресейде де қозғалып, халықаралық деңгейге шықты.