Империялар отарлағаннан бастап, қазіргі заманға дейінгі тарих. Алматыда Орталық Азия туралы кітаптің тұсау кесері өтті

Сырым Қаржас
ulysmedia.kz

Алматыда америкалық профессор Абид Халидтің «Орталық Азия» империялар отарлағаннан бастап, қазіргі заманға дейінгі жаңа тарих» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz .

23 тамызда Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясында CAPS Unlock ұйымының бастамасымен қаза тіліне аударылған «Орталық Азия» импертиялар отарлағаннан бастап, қазіргі заманға дейінгі жаңа тарих» кітабының тұсау кесері болды. Жиынға кітап авторы Абид Халид пен кітапты аударуға қатысқан редакторлық ұжым және зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Мен бұл кітапта Орталық Азия елдерінің тарихта басынан өткізгендерін көрсеткім келді. Оның ішінде империализм, колониализм, урбанизация, экономикалық даму, әлеуметтік инженеринг, қоршаған ортаның катастрофаларын көрсеттім. Орталық Азияны зерттеп жүргендер көп емес, бірақ соңғы уақыттары оған көп көңіл бөлінетін болды. Әмір Темір заманы жақсы зерттелген. Ал заманауи кезеңге дұрыстап қарамайды. Сондықтан мен осы кітапты жазғаным дұрыс деп ойладым», – деді Абид Халид.

Оның сөзінше, кітапта Орталық Азияның шекарасын өзінше анықтап, жазуға тырысқан. Кітапта негізінен Өзбекстанға басымдық берілген. Себебі Абид Халидтің негізгі зерттеу тарихы Өзбекстан болған.

«Орталық Азияның жалпы сыртқы шекарасы қандай? Мен мысалы, Орталық Азия туралы кітап жазғанда, оны бір тұтас өңір ретінде қарастырғым келді. Совет одағы тұсында оны «Орта Азия» деп атады және «Орта Азия мен Қазақстан» деп атады. Сөйтіп мен ХVIII ғасырдан және әртүрлі империялардың оны жаулап алған оқиғалардан бастадым. Жалпы, сырттағы көзқарас Орталық Азия әртүрлі, бөлек-бөлек мемлекеттерден тұрады дегенді көрсетеді», – деді ол.

Кітапқа редактор болған журналист, «Азаттық радиосының» бас редакторы Мұхтар Сеңгірбай кітаптың маңыздылығын былай деп түсіндірді:

«Менің айтқым келіп отырғаны, кітаптың ғылыми ортаға қосатын үлесі. Ғылыми ортаға кітап не қосады? Менің ойымша, Орталық Азияға кеңірек ауқымда қарауға мүмкіндік береді. Яғни, біз өзіміз Орталық Азияны Совет одағының аясында қарап келсек, Шыңжаң аймағы, Шығыс Түркістан Орталық Азия кеңістігінен қалып қойған. Яғни, біз оның мәдени, тарихи, этностық тұрғыда бірегейлігімен қоса, оның географиялық тұрғыда да бірегей екенін ескеруіміз керек. Сол тұрғыдан бұл кітап өте құнды. Біздің ғылыми ортада Орталық Азияның тарихын зерттеуге серпін береді. Мен оны неге айтып отырмын? Себебі осы кітапты аудару процесі кезінде Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» деген кітабын оқып шыққанмын. Сондағы параллельдерді байқадым. Қабдеш Жұмаділов қазақ халқының, қазақ руларының Қытай мен Ресей империясының арасында екі жақта бөлініп қалу тарихын баяндайды. Сол тарихты баяндау арқылы Орталық Азияның өте бір ауыр тарихи процесті басынан өткергенін көрсетеді. Дәл сол ауыр процесті Абид Халид тек қазақ халқының емес, Орталық Азияны мекендеген басқа халықтардың мысалында келтіреді. Сондықтан бұл да өте құнды дүние», – дейді Мұхтар Сеңгірбай.