«Әділет» партиясының құрылтайы аяқталды. Партияның «қуыршақ жоба» екені және билікке жақындығы туралы пікірлерге саяси кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлы жауап беріп, ешкімге оппозиция емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПАРТИЯНЫ НЕ ҮШІН ҚҰРДЫ?
Астанада өтіп жатқан «Әділет» партиясының құрылтайында журналистер жаңа саяси ұйымның ұстанымы мен билікке көзқарасына қатысты өткір сауалдар қойды. Соның ішінде «партия қуыршақ жоба емес пе?» және «неге Ақорда саясатын ашық қолдайды?» деген сұрақтар да болды. Бұл сауалдарға партияның саяси кеңесінің мүшесі Рауан Кенжеханұлы жауап берді.
Оның айтуынша, партия құру туралы шешімге елдегі конституциялық реформалар әсер еткен.
– Партия құруымызға жаңадан қабылданған Конституция әсер етті. Бұл – еліміздің дамуындағы жаңа кезең. Көп мәселеге мүлде басқаша қарап, қайта сараптадық. Бұған дейін әділдік туралы ашық айтылған жоқ. Әділдікті орнату үшін саяси күш қажет. Өйткені үлкен өзгерістер реформаларды, жаңа мәдениетті талап етеді. Әділдікті ұлттық менталитеттің ажырамас бөлігіне айналдыру үшін нақты саяси ұйым керек, – деді ол.
«ҚУЫРШАҚ ПАРТИЯ» ЕМЕС ПЕ?
Қоғам арасында «Әділет» партиясы алдағы сайлау науқанына орай құрылған «қуыршақ партия» деген пікірлер де айтылып жүр. Бұл жөніндегі сұраққа Рауан Кенжеханұлы қысқа жауап берді.
– Әркімнің пікірі өзіне. Біз жұмыс істейміз, – деді саяси кеңес мүшесі.
Журналистер Мәжілістегі басым көпшілік мандатқа ие Amanat партиясы мен жаңа құрылған «Әділеттің» арақатынасы туралы да сұрады. Атап айтқанда, «сіздер Аманатқа оппозициясыздар ма?» деген сауал қойылды.
– Біз ешкімге де оппозиция емеспіз. Біз жау іздемейміз. Алдымызда шешетін үлкен мәселелер бар. Сол міндеттерді іске асыруға көмектесетін жақтастар жинауға тырысамыз. Кедергі болатын мәселелердің түйінін табуға ұмтыламыз. Кез келген саяси ұйым алаңға келгенде нәтиже көрсетуге тырысады, – деді Рауан Кенжеханұлы.
Сонымен қатар, құрылтай барысында Amanat партиясы қатарынан «Әділетке» өтіп жатқан мүшелер бар екені де айтылды. Алайда партия өкілі мұндай қадамның заңға қайшы еместігін атап өтті.
КОНТЕКСТ
Саяси сарапшылардың пікірінше, жаңа партияның басты сынағы – қоғам сеніміне ие болу мен нақты саяси ұстанымын көрсету. Қазіргі таңда «Әділет» өзін реформаларды қолдайтын, бірақ «оппозициялық күш» ретінде емес, өзгерістерді жүзеге асыруға қатысатын саяси ұйым ретінде таныстырып отыр.
Айта кету керек, құрылтай съезіне 931 делегат қатысып, партияны құру туралы шешімді бірауыздан қолдады.
Съезде Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Бұрын Президент әкімшілігін басқарған Дәдебайдың партия тізгінін қолға алуы жаңа ұйымның саяси салмағына қатысты талқылауды күшейтті.
Сондай-ақ съезде 30 адамнан тұратын саяси кеңес құрамы таныстырылды. Оның құрамына:
Партия құрылымы бойынша негізгі басқару органдары ретінде съезд, саяси кеңес, бюро және төраға белгіленді.