Биыл халықтың кредиті кешіріле ме?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова халықтың кредитін кешіруге қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

- Жоқ, кешірілмейді. Ондай жоспар жоқ. Қазір басқа механизмді енгіздік. Бұл – кредиторлар тарапынан берешекті міндетті түрде реттеу тетігі. Қазір заң бойынша проблемалық кредит болса, банкке немесе микроқаржылық ұйымға өтініш беруге болады. Бұл банкрот системасы емес. Біз сол заң бойынша бірыңғай тәртіп жасадық. Өтініш келген соң банктер сол механизм бойынша міндетті түрде проблемалық берешекті азайту мүмкіндігін қарастыруы керек, пайыздық мөлшерлемені төмендетуді немесе несиені өтеу мерзімін ұзартуды талқылауы тиіс. Бұдан бөлек, заңды іске асыру аясында біз жаңа НҚА қабылдадық. Онда тиімді қайта құрылымдаудың осындай критерийі қарастырылған. Бұл өте маңызды, себебі бұған дейін банктер немесе микроқаржы ұйымдары проблемалық қарыз алушыға жүгінген кезде, қайта құрылымдау үшін әртүрлі шарттарды ұсына алатын, дейді Әбілқасымова. 

Енді қайта құрылымдауға қойылатын талаптар анағұрлым нақты әрі бірыңғай болады.

- Міндетті түрде негізгі қарыздың азаюы жүзеге асуы тиіс. Бұдан басқа, біз ұжымдық реттеу тетігін іске қосып отырмыз. Яғни, егер адамның екі немесе одан да көп несиесі болса, онда кредиторлар оған бірыңғай төлем кестесін ұсынуы қажет. Бір ұйым проблемалық несие бойынша жағдайды жақсартса, ал екіншісі оған ешқандай ұсыныс жасамайтын жағдай болмауы тиіс. Сол себепті біз ұжымдық реттеу үшін арнайы платформа әзірледік.

Қаржы ұйымдарына қойылатын талап

- Біз, ең алдымен, қаржы ұйымдары проблемалық берешекті реттеуде азаматқа көмек көрсетуге жауапты болуы керек деп есептейміз. Сонымен қатар банктер мен микроқаржы ұйымдарында қазіргі уақытта қарызды реттеу бойынша ғана емес, ең осал топтар үшін бөлек ұсыныстар бар. Олар өз қаражаты есебінен қарызды есептен шығару тетігін қарастырады. Мұндай жағдайда ең алдымен қаржы ұйымына жүгіну қажет, дейді агенттік төрағасы. 

Контекст

Мадина Әбілқасымова бұған дейін 2019 жылы бірқатар проблемалық несиелерді мемлекет кешіргеннен кейін қаржы секторында несиелердің саны қайтадан өсіп кеткенін айтқан.  

«Өкінішке қарай, 2019 жылы кредит кешірілгеннен кейін біздің қаржы секторында кредит көлемі қайтадан өсіп кетті. Оның ішінде проблемалық кредиттер де өсіп кетті. Егер мемлекет қаражатын бөліп, қайта-қайта кешіре берсек, одан да көп жаңа кредиттер көбейед»і, - деген ол.

2019 жылы 3 миллион теңгеге дейін қарызы бар 500 мың азаматтық несиесі кешірілген. Ол үшін мемлекет қазынасынан 115 миллиард теңге жұмсалған.