Мұрат Бақтиярұлы: Келешекте жалған статистикадан толық арылу керек

Ulysmedia

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік органдардың кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеу әдістерін сынға алды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Депутат Мұрат Бақтиярұлы үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеу кезінде ашықтық пен әділдік қағидаттарын енгізу қажеттігі туралы мәселені көтерді. Сенатордың айтуынша, қазіргі көзқарас пен мұндай статистиканың нәтижелері сенімді емес.

«Жергілікті атқарушы органдар, үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келеді. 2021 жылы Үкімет елде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетсе, кедейшілік деңгейі 4,5 % аспайды деген ресми ақпарат берді. Осы шындыққа сәйкес келе ме? Кезінде Республиканың статистика қызметін басқарған Сіз бізде статистикалық мәліметтер облыс әкімдері мен министрліктердің ыңғайына қарай, бұрмаланып беріліп келгендігін жақсы білесіз ғой деп ойлаймын. Елдегі осы кезге дейінгі кедейлік деңгейін анықтауда қолданып келе жатқан қазақстандық тәсіл кедейлікті төмендетіп көрсетіп келеді. Кедейлік шегін өлшейтін әлемдік стандарттарға шығуға бізге не кедергі болып отыр? Сондықтан да Үкімет бірінші кезекте кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасау керек. Келешекте жалған статистикадан толыққанды арылу керек», - деді сенатор өз сөзінде.

Сенатор сонымен қатар мемлекеттік органдардың Үкіметтің депутаттық сауалдарға жауап беруге деген көзқарасын сынға алды.

«Сенаттағы әріптестер тарапынан қоғамда әр түрлі салаға қатысты депутаттық сауалдар Үкімет басшысына, Үкімет мүшелеріне жолданып жатады. Бірақ олардың берген жауаптары нақты емес екіұшты болып келеді. Сондықтан да депутаттық сауалдарға бір жапырақ қағазбен қайтаратын жауаптарды доғару керек. Депутат сауалына жан-жақты зерделеп жауап беруді жолға қойсаңыз деймін», - деді ол.

Мұрат Бақтиярұлы сондай-ақ, кейде үкіметтен Парламентке «шикі» келетін заң жобаларын жазу саласындағы проблемаларға да тоқталды.  Сенатор сондай-ақ үкіметке заң жобаларын мемлекеттік тілде әрі жиі дайындауды ұсынды.