Украина құқық қорғау органдары Ресейдің толық ауқымды басып кіруінен бері 290 мыңға жуық қылмыстық іс қозғаған. Бұл істердің барлығы — әскери бөлімнен өз бетімен кету мен дезертирлікке қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Соңғы бір жылда мұндай істердің саны күрт артқан.
"Украинская правда" басылымының хабарлауынша, 2022 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 235 646 іс әскери бөлімнен өз бетімен кету бабымен, ал 53 954 іс дезертирлік фактісімен тіркелген.
Ең айқын өсім 2024 жылдың қыркүйегінен бастап байқалды — осы уақыттан бері 176 мыңнан астам СОЧ және 24 мыңға жуық дезертирлік іс қозғалған.
ӘСКЕРДЕН ҚАШУ УКРАИНАДАҒЫ ЕҢ КӨП ТІРКЕЛЕТІН ҚЫЛМЫСҚА АЙНАЛДЫ
2025 жылдың шілде айына дейін Украина Бас прокуратурасы 202 997 СОЧ ісін және 50 058 дезертирлік ісін тіркеген. Оның ішінде 15 564 және 1 248 іс бойынша айып тағылған.
2024 жылдың қарашасында Украина билігі алғаш рет жазасыз әскерге қайта оралу механизмі енгізген еді. Ол бойынша әскери қызметкер егер бірінші рет бөлімін тастап кетсе немесе дезертирлік жасаса, жазаға тартылмай қайта қызметке орала алады.
Бұл шешімнің нәтижесі екі түрлі әсер берді: бір жағынан 29 мыңнан астам сарбаз армияға қайта оралса, екінші жағынан жаппай қашу деректері күрт өсті.
12 ЖЫЛҒА ДЕЙІН БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
2024 жылы әскерден өз бетімен кету Украинадағы ең көп тіркелетін қылмысқа айналды. Бұл көрсеткіш ел тарихында алғаш рет ұрлық пен алаяқтықтан да асып түсті.
Әскери жағдай кезінде бөлімді өз еркімен тастап кеткендерге 5 жылдан 10 жылға дейін, ал дезертирлерге 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.