Тарих оқулығындағы Назарбаев туралы бөлімге 13 бет арналған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Білім беру сараптамасы жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық 8–9-сыныптарға арналған тарих оқулығына қатысты сынға пікір білдірді. Оқулықта Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған жеке бөлім бар. Бұл бөлім 13 беттен тұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘСЕЛЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ

Бұл жағдай туралы журналист Михаиль Козачков жазған болатын. 

- Ата-аналар жиналысына неге бару маңызды? Мысалы, ондай жерде мектеп оқушыларына әлі күнге дейін елбасының жеке тұлғасын дәріптеу үйретіліп жатқанын білуге болады. Мұндай ұғым заңнаманың өзінде жоқ. Жеке бір адамға 13 бет арналып, оның суреттері сансыз көп берілген, – дейді журналист. 

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ

Министрлік мәліметінше, 8–9-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы (2 бөлімнен тұратын) БҒМ-нің 2017 жылғы 25 қазандағы №545 бұйрығымен бекітілген жаңартылған білім беру мазмұнының үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес әзірленіп, 2019 жылдан бастап оқу процесіне енгізілген.

- Үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының тұңғыш президентіне қатысты тақырып «Қазақстан мемлекеттілігінің қайта жаңғыруы (1991–1996 жж.)» бөлімінде қарастырылып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының контексінде ұсынылған. 2024 жылы Қазақстан тарихы пәні бойынша 9-сынып оқулықтарының мазмұны ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі №399 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес жаңартылды. Бұл оқулықтар қайта басылып, 2024–2025 оқу жылынан бастап оқу процесіне енгізілді, делінген хабарламада.