Трамп өлімі туралы қауесеттерден кейін ел алдына шықты

Сырым Қаржас
Фото: РБК

АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше аптаға созылған үнсіздіктен кейін алғаш рет ресми түрде көпшілік алдына шықты. Оның ұзақ уақыт бойы көзге түспеуі қоғамда денсаулығының нашарлауына, тіпті қазасына қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелерді тудырған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақ үйдегі брифинг

Президент журналистермен Ақ үйдегі кабинетіндегі баспасөз жиынында кездесті.

- Мен екі күн ештеңе істемедім, ал жұрт мен туралы бірден жаман әңгіме шығара бастады, – деді ол.

«Trump is dead» хештегі

Тамыз айының соңында Илон Масктың X әлеуметтік желісінде #TrumpIsDead хештегі кең таралып, ондаған мың жазба жарияланды. Сол күні-ақ аты-жөнін атамаған америкалық шенеунік Axios журналисі Барак Равидке саясаткердің жағдайы жақсы екенін және гольф ойнап жүргенін айтқан.

Конспирологтар болса, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің қажет болған жағдайда мемлекет басшысы міндетін өз мойнына алуға дайын екені жөніндегі мәлімдемесін дәлел ретінде келтірді. Сондай-ақ олар Трамптың қолындағы көгерген даққа назар аударып, оны королева Елизавета II-нің қайтыс болар алдындағы қолындағы белгіге ұқсатты.

Контекст

Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ, Ресей және Украина қатысатын үшжақты кездесудің өтетініне сенімді екенін мәлімдеген болатын.