Астанада миллиондаған оқырманы бар блогер Ерболат Жанәбіловтің ісі бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жанәбіловтің адвокаты Олег Чернов сотта процессуалдық бұзушылықтарды атап өтті. Оның айтуынша, қорғау тарабы хаттама жасалған кезде онымен танысу мүмкіндігінен айырылған, түсініктеме беруге құқығы шектелген, сондай-ақ дәлелдердің бір бөлігі қазақ тілінде болғанына қарамастан, аудармашы берілмеген. Қорғау тарапы мұндай түсініктемелер мен материалдарды жарамды айғақ деп санауға болмайтынын мәлімдеуде.
Туризм және спорт министрлігі комитетінің дерегінше, 25–28 тамыз аралығында ведомствоға блогерге қатысты шара қолдануды сұраған бірнеше өтініш түскен. Комитет өкілдері Жанабылов жарнамалаған курстарды күмәнді деп атап, сынға алған. Алайда сотта олар ешқандай дәлел келтіре алмады және тексеру қажеттігін жеткізді. Курстарға қатысты бақылау сатып алу тек 29 тамызда, яғни блогерге хаттама толтырылғаннан кейін жүргізілген.
— Жанәбілов ақшаны өзінің Kaspi жеке картасынан таратқан. Kaspi Gold арқылы жеке тұлғалар есеп айырысады. Ал корпоративтік шоттан төлемдер Kaspi Pay сервисі арқылы жасалады. ЖанәбілоВ пен «Жаңа Бизнес» ЖШС арасында шарт болмаған. Осыған байланысты комитет Жанәбіловтің ұтыстарды жарнамалауға заңды негізі болмағанын айтады. Оның үстіне, ол курстарды емес, сыйлық қорын алға тартқан, — деді ведомство өкілі сотта.
ТЕРГЕУ
Тергеу мәліметінше, Жанәбілов Instagram-дағы zhanabylov_e (8,4 млн жазылушы) аккаунты арқылы автокөліктер, ақшалай қаражат және бағалы сыйлықтар ұтысын ұйымдастырған. Қатысу үшін жазылушылар «Zhana Business» ЖШС-нен «оқыту курстарын» сатып алып, 30 мың теңгеден төлеген. Алайда айыптаушылардың айтуынша, компания нақты білім беру қызметін көрсетпеген, ал жиналған қаржы сыйлық қорын қалыптастыруға және жеке пайда табуға жұмсалған.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін қаржы мониторингі агенттігі құмар ойын бизнесін реттеу комитетімен бірлесіп, Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенованың (7,1 млн жазылушы) қызметін тексеруді бастаған еді. Бұған 11 автокөлік пен басқа да сыйлықтардың — соның ішінде төрт iPhone және репост үшін бөлек автомобильдің ұтысы себеп болған.