Жанәбілов курстар жарнамасы үшін әйелінен ай сайын 1 млн теңге алған

Динара Жарқынбек
Ашық дереккөзден

Астана сотында белгілі кәсіпкер Ерболат Жанәбілов айғақ берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жанәбілов жұбайы Эльмира Төлегенова басқаратын Zhana Business компаниясының курстары мен ұтыс ойындарын жарнамалап келгенін мойындады. Оның айтуынша, бұл қызметі үшін ол әйелінен ай сайын 1 млн теңге алған.

Сонымен қатар ол ұтыстарды да өзі жіберіп отырған: iPhone-ды пошта арқылы жолдаса, ақшалай жүлдені банк картасынан аударған.

Адвокат Олег Чернов мұндай шаралар заң бойынша лотереяға жатпайтынын атап өтті. Оның сөзінше, жүлде қорына кеткен қаражат компания есебінен төленгенімен, ол отбасының ортақ қаржысы болған.

Сотқа шақырылған Эльмира Төлегенова куәлік беруден бас тартты.

Келесі тыңдау 15 қыркүйекте өтеді. Адвокат Чернов қорғау құқығы бұзылғанын айтып, іске прокурордың қатысуын талап етті.

КОНТЕКСТ

Еске салсақ, 18–21 тамыз күндері Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова 11 автокөлік ұтысқа тігілгенін жариялаған. Көпшілік тікелей эфирде жеңімпаздарды анықтайды деп күткен. Алайда оларға ұтысқа қатысу үшін 30 мың теңге төлеп, ақылы курс сатып алу қажеттігі айтылған.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен сынға ұшырап, азаматтар мемлекеттік органдарға шағымданды. Кейіннен Мәдениет және спорт министрлігі ресми мәлімдеме жасап, заң бойынша ұтыс ойындарын тек лицензиясы бар лотерея ұйымдастырушылары мен агенттері ғана өткізе алатынын еске салды.