Қаржылық мониторинг агенттігі жүктілік және босану бойынша жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекке қатысты алаяқтық схемаларды анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
2024-2025 жылдары 1,2 млрд теңге залалмен 13 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 10 іс жүкті әйелдерге жәрдемақыны заңсыз тағайындауға қатысты. Бұл схемаларға қатысы бар 15 адам жауапқа тартылды.
Жалған жұмыспен қамту арқылы 385 әйелге негізсіз жәрдемақы рәсімделіп, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.
Ал атаулы әлеуметтік көмек бойынша да 15 мемлекеттік қызметкерге қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды. Олар әлеуметтік осал топқа жатпайтын адамдарды тізімге қосып, бюджет қаржысын жымқырған.
КОНТЕКСТ
2023 жылдан бастап eGov порталы арқылы әлеуметтік мәртебені цифрлық растау енгізілгеннен кейін мұндай алаяқтыққа жол берілмей отыр. Сонымен бірге қолданыстағы ережелерге өзгеріс енгізіліп, енді жәрдемақы тағайындауда «өткен күнмен» төленген зейнетақы жарналары есепке алынбайды.
Агенттік әлеуметтік төлемдер саласындағы бақылауды күшейту бойынша ұсыныстарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдады.