Ресейлік сарапшылар Қазақстанның сыртқы саясатын «Ресей мен Батыс арасындағы таңдау» деп жиі қарапайым түрде түсіндіреді. Алайда шын мәнінде жағдай әлдеқайда күрделі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа элита және Түркия факторы
RTVI шолушысы Александр Константиновтың айтуынша, елде жаңа элита қалыптасып жатыр, ал оның елеулі бөлігі Түркияға бағдарланған. Ол ең алдымен қазақ-түрік лицейлерінің түлектері туралы айтты.
– Олар кландық принциппен топтасып, бір-бірін әлі күнге дейін қолдап, алға жылжытып отыр. Көпшілігі білімін Батыста, Түркияда немесе Ресейде жалғастырды. Бүгінде 30-40 жастағы осы буын билікке келіп жатыр. Алайда қазір үкіметте Ресейде оқығандар дерлік қалмады. Бұл – шешуші фактор, – деді Константинов.
Ресей саясатының әлсіз тұсы
Сарапшының айтуынша, Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі сыртқы саясаты жүйелі жұмысқа емес, жеке тұлғаларға сүйеніп келген.
– Институттар құрудың орнына бәрін жеке байланыстар арқылы шешу тәжірибесі болды. «Телефон арқылы қоңырау шалсақ жеткілікті» деген ұстаным қалыптасты. Ал қазір мұндай деңгейдегі байланыстар жоқ. Жаңа элитаның достары Батыста немесе Қазақстанның өз ішінде, бірақ Ресейде емес, – деп түйіндеді ол.
Контекст
Бұған дейін Ulysmedia Қазақстанның геосаяси жағдайына талдау жасаған болатын. Халықаралық ахуал ушығып тұрған тұста сарапшылар Қазақстанның Ресей мен Қытайға тәуелділікті азайта ала ма деген сұрақты жиі көтеруде. Осы ретте «орта держава» ұғымы жиі айтылып жүр. Бұл Қазақстанның дербес әрі көпвекторлы саясат жүргізуге ұмтылысын сипаттайтын термин.