Бірпалаталы парламент пен жаңа Конституция: билік пен сарапшылар пікірталасы

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Қазақстанда соңғы күндері Конституцияның қайта жазылуы мүмкін деген әңгіме қоғамдық пікірталастың басты тақырыбына айналды. Президент Жолдауында бірпалаталы парламент құру бастамасын жариялағаннан кейін, бұл мәселе төңірегіндегі қызығушылық та арта түсті. Алайда Сенат қабырғасында айтылған пікірлер әзірге аталған болжамды ресми түрде растамай отыр.

СЕНАТ САРАЛАЙДЫ

Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай тараған мәліметтердің негізсіз екенін айтты.

«Өсек-аяңға сенбеу керек. Фейктермен күресу маңызды. Егер қажеттілік туындаса, тиісті мемлекеттік органдар өз ұсыныстарын білдіреді», – деді ол.

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев та Конституцияны өзгерту тек референдум арқылы шешілетінін еске салды.

«Қазір бұл мәселе бойынша нақты ақпарат жоқ. Конституцияға түбегейлі өзгеріс енгізу – халықтың құзырындағы іс», – деді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Бекболат Орынбеков 1995 жылғы Конституция негізінде 2022 жылы өткен референдумды мысалға келтіріп:

«Қосымша түзетулер тек заң аясында, яғни қайтадан референдум арқылы ғана қабылданады. Бүгінде бұл тақырып ресми түрде көтерілген жоқ», – деп түйіндеді.

Сенаторлар мәселенің нақты мәнін ашпай, бар жауапты референдумға сілтеді. Ал билік әзірге ресми бастама көтермесе де, қоғамда конституциялық реформа төңірегінде түрлі пікірлер айтылып жатыр. 

САРАПШЫЛАР ПАЙЫМЫ

Саясаттанушы Дос Көшім қазіргі Конституцияның мазмұны тұтастығын жоғалтқанын алға тартады. Заңды толығ қайта жазып шығуды ұсынды. Өйткені, бұған дейінгі жүйеде сайлау жүйесі өзгерген. Сондай-ақ, әрбір саяси жағдайларда толықтырулар мен қысқартулар енді. Бұл заңның осал екенін көрсетеді. 

«Жолдаудың Конституцияға еш қатысы жоқ. Өзгеріс енгізгеннен гөрі, оны толық қайта жазып шығу қажет. Біздің негізгі заңымыз әр кезеңдегі саяси жағдайға байланысты түзетулерден тұрады. Сондықтан жаңа, жүйелі Конституция керек», – деді ол.

Сарапшы Құрманғали Қалмаханов президент ұсынған бірпалаталы парламент бастамасын қолдай отырып, оның тиімділігі сайлау әділдігіне тәуелді екенін атап өтті.

«Қазақстанда 1990 жылдардың ортасына дейін Жоғарғы кеңес жұмыс істеген. Яғни тәжірибе бар. Бірақ егер сайлау әділ өтпесе, бірпалаталы парламенттің де пайдасы шамалы», – деп пікір білдірді ол.

Ал саясаттанушы Андрей Чеботаревте бірпалаталы Парламент құруды қос қолдап қолдайды. Бірақ, президент айтқан пропорционалды сайлау жүйесі қолайсыз екенін алға тартты. Халық үніне құлақ асатын ел болған соң аралас сайлау жүйесін қалдыруды ұсынды.

«Пропорционалды жүйе маңызды болғанымен, парламенттің жартысы партиялық тізімнен, жартысы бірмандатты округтен сайланғаны тиімді. Өңірлердің мәселесін сол округтен шыққан депутаттар көтереді. Ал президенттікке үміткерлерге қойылатын бес жылдық мемлекеттік қызмет өтілі сияқты талаптар азаматтардың құқығын шектейді. Мұндай нормаларды қайта қарау қажет», – деді ол.

Саясаттанушы Тасым Риззат Конституцияға өзгерістер енгізу әрқашан пікірталас тудыратынын атап өтті.

«Бір тарап Конституция уақыт талабына сай өзгеруі тиіс десе, екінші тарап оның тұрақтылығын жоғары қояды. Қазақстан жағдайында ең бастысы – Конституцияны саяси конъюнктураға тәуелді етпеу. Өзгерістер демократиялық дамуға, билік тармақтарының тепе-теңдігіне және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталуы шарт», – деді ол.

Оның айтуынша, алдағы реформалар парламент пен жергілікті басқару жүйесіне қатысты болуы ықтимал.

«Егер референдум қолдау тапса, президенттікке кандидатқа қойылатын бес жылдық мемлекеттік қызмет өтілі талабы сияқты шектеулер алынып тасталуы мүмкін. Бұл демократиялық жүйеге сай қадам болар еді», – деп қосты саясаттанушы.

ЗАҢГЕРЛЕР ҰСЫНЫСЫ 

Конституция күні online.zakon.kz сайтында заңгерлер Арман және Уәлихан Шәйкеновтердің «Қазақстан Республикасында құқықтық реформа бағдарламасын азаматтардың талқысына салу» атты мақаласы жарияланды.

Онда авторлар қазіргі Конституция қоғамның қажеттіліктеріне толық жауап бермейді деп пайымдайды. Құжаттың жыл сайын қайта-қайта түзетілуі оның саяси және құқықтық салмағын әлсіреткенін алға тартады.

Ағайынды заңгерлердің айтуынша, Конституция ықшам әрі қарапайым тілде жазылуы керек. Олар мемлекеттік басқару жүйесіне елеулі өзгерістер ұсынды: президентті 4 жылға сайлауды қайтару және вице-президент институтын енгізу, бір адамды екі мерзімнен артық президент болудан шектеу, премьер-министр лауазымын жою және парламентті бір палаталы ету, Конституциялық сотты жеке орган ретінде сақтамау сынды өзгерістер ұсынды. Сондай-ақ олар әскерді кәсіби армияға айналдыруды, баспасөз еркіндігін қамтамасыз етуді және бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекетке тәуелсіз етуді құп көреді.

Бұл ұсыныстар қоғамда үлкен резонанс тудырып, Конституцияның тағдыры жайлы жаңа пікірталастың басталуына түрткі болды.

КОНТЕКСТ 

Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын. Содан бері елдің саяси дамуына байланысты бірнеше рет өзгерістер енгізілді. 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдардағы түзетулер мемлекеттің басқару жүйесін жетілдіруге бағытталды. Әр кезеңдегі толықтырулар президент өкілеттілігін қайта қарауды, Парламенттің құзыретін кеңейтуді және жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нығайтуды қамтыды. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер Қазақстанның саяси эволюциясының әр белесін айқындап, мемлекеттіліктің қалыптасу жолындағы маңызды белестерді көрсетті.

2022 жылы қабылданған реформалар ауқымымен және мазмұнымен ерекшеленді. Оның басты мақсаты – билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті күшейту болды. Осыған сәйкес президенттің кейбір өкілеттіліктері шектеліп, Парламент пен мәслихаттардың ықпалы артты. Бұған қоса, әкімдерді тағайындау тәртібі өзгеріп, халықтың тікелей қатысуымен сайлау тәжірибесі енгізілді. Сарапшылар бұл өзгерістерді елді демократияландыруға, азаматтардың саяси шешім қабылдау процесіне қатысуын арттыруға және мемлекеттік басқару жүйесін заманауи талаптарға бейімдеуге жасалған маңызды қадам деп бағалайды.