Қытайдың жылтырақ кілемі бес жылға, қазақтың кілемі ғасырларға жетеді

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

XIX-XX ғасырдағы жәдігерлер үшін Астанадағы Ұлттық музейде арнайы этнографиялық зал ашылды. Жаңа көрме залында қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық бірегейлігін айқындайтын мәдени ортада жылдар бойы жинақталған құнды қазынасы қойылған. 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Музейдегі жаңа залда сәукеле, зергерлік әшекейлер, ұлттық киімдер мен үй жиһаздары, мал жүнінен тоқылған кілемдер көптің назарына ұсынылды. Барлығы 258 жәдігер қойылған. Оның ішінде 50-ге жуығы кілем. Әшекей-бұйымдардың пішіні мен ою-өрнегі ғана емес, материалы да айрықша мән-мағынаға ие. Қазақтың көне зергерлік өнерінде күміс басты орын алған. Оны тазалықтың, қорғаушы күштің символы деп санаған. Әйелдердің білезік, сырға, сақинасы тек сән үшін емес, магиялық мағынасы бар бұйым болған. Оған қоса, емдік қасиеттеріне де баса назар аударылған. 

Қазақтың көне жәдігерлерінің әрқайсысы – тұтас бір тарих. Мысалы, бір ғана сырмақтың өзі тек төсеніш емес, шаңырақтың сәні болған. Ондағы өрнектерді көрген адам отбасындағы дәулет пен талғамды да аңғарған. Ал кебеженің сыртына ойылған өрнек – жай әшекей емес, береке мен қорғаудың белгісі. Кебежеге тек ас қана емес, отбасының қадірлі мүлкі де салынған.

Елде кілем тоқу, алаша өрумен айналысатын шеберлер қатары артып келеді.  Ұршықты шыр көбелек айналдырып, кілем тоқығанда қолы қолына жұқпайтын Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, қолөнердің бұл түрін дамыту керек. Себебі, қазаққа тән өнер әрбірінің қолынан келеді. Екі қолға бір күрек демекші, кілем тоқу жұмыссыздарға кәсіп болмақ. Оған қоса, отандық өнімді әлемдік брендке айналдыруға үлкен мүмкіндік. Шебердің сөзінше, қазақтың кілемдері ғасырлар бойы сапасын жоғалтпайды, жарамды. Бұны түсінген шетелдіктер аса бағалайтын көрінеді. Қазірдің өзінде сұраныс аз емес.

-Сұраныс күннен күнге артып келеді. Өзіме де тапсырыс көп түседі. Бір кілем тоқу үшін көз майын тауысып, қол еңбегін аямай, айлап-жылдап жұмыс істейміз. Бірақ, көпшілік ол еңбектің қадірін түсіне бермейді. Қазір Қытайдың жылтырақ кілемдеріне қызығушылық жоғары. Олар қолдан тоқылған кілеммен теңестіріліп жатады. Алайда қазақтың қолөнері оңай дүние емес. Мұндай кілемдер жүздеген жылға шыдайды, ал Қытайдың фабрикалық өнімдері әрі кетсе бес жылға ғана жарамды. Сондықтан өнердің мәнін түсінетіндер шыдамдылық танытып күтеді әрі нағыз қолөнерді бағалайды. Әсіресе, шетел азаматтарының бұл өнерге ерекше ықыласы бар-дейді. 

Шеберлердің айтуынша, кілем тоқу – тек қолөнер емес, ол қазақ үшін тұрмыс пен тарихтың сабақтастығын сақтайтын қазына. Егер мемлекет тарапынан қолдау күшейсе, ұлттық кілем өндірісі алыс шетелдерге де жол тартып, әлемдік брендке айналуы әбден мүмкін.

Ал Бас қор сақтаушы Гүлсара Мұқашеваның айтуынша, қазір көрме қорында 200 мыңнан астам жәдігер сақталған. Бұл сан азаматтардың ата-бабасынан қалған құнды заттарды музейге тапсыруының арқасында артып келеді. Сондай-ақ, орталық қызметкерлері ауыл-аймақты аралап, жергілікті тұрғындардан да бұйымдар сатып алатын көрінеді. 

– Жинақтау бөліміне келіп, көне бұйымдарды – кебеже, асадал, әшекейлерді тапсыратындар бар. Біз де экспедициямен облыстарды аралап, жәдігер жинаймыз. Құндылығы жоғары болса, сатып алуға тырысамыз. Кейбір азаматтар тегін де береді. Бүгін ғана Ақтөбе облысынан үш сырмақ пен екі алаша алдық. Алдымен оларды карантиндік бөлмеге жіберіп, тазалап, күтіп қоямыз. Бүгін арнайы залға XIX–XX ғасырдан қалған экспонаттарды орналастырдық. Олар өте жақсы сақталған әрі терең мәнге ие. Бұған дейінгі ғасырлардан жеткен бұйымдарға арналған бөлек алаң да бар, – дейді ол.

ӘЛЕМДЕ АУКЦИОН АРҚЫЛЫ САУДАЛАНАДЫ 

Шетелдік аукциондарда қазақ кілемдері қомақты бағамен сатылып жүр. Мәселен, «Kazakh Super Fine» деп сипатталған қолмен тоқылған кілем  3 790 АҚШ долларына бағаланса, енді бірі 1 400 доллар шамасында өткен. Бұл — ұлттық қолөнердің тек тұрмыстық бұйым ғана емес, өнер туындысы ретінде бағаланатынын көрсетеді.

КОНТЕКСТ

Соңғы жылдары Қазақстаннан шыққан кілемдердің басым бөлігі көршілес елдерге жөнелтіліп отыр. 2023 жылы экспорт көлемі шамамен 3 миллион АҚШ долларына жеткен. Өнімнің негізгі тұтынушылары – Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан. Бұл көрсеткіштер қазақ қолөнерінің сұранысы жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Қазірдің өзінде АҚШ, Жапония және Кореядан қазақ шеберлеріне тікелей тапсырыс түсіп жатыр. Бұл елдердің азаматтары үшін қазақ кілемі – үйге сән беретін төсеніш қана емес, тарих пен мәдениеттің бір бөлшегі. Жасалған әрбір өрнек, әрбір түстің үйлесімі – бабалардан жеткен ұлы дәстүрдің жалғасы ретінде қабылданады. Сарапшылардың айтуынша, қазақ кілемдерінің тек ТМД елдерінде ғана емес, алыс шетелдерде де тұрақты нарыққа шығуға мүмкіндігі мол.