Адвокат Мұрат Адам өзіне түскен қоқан-лоққыны ресейлік Юлия Емельянова ісімен байланыстырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мұрат Адамға Ресей нөмірінен хабарлама келіп, онда белгісіз адам оның РФ аумағында ұрлануы мүмкін екенін тұспалдап жазған. Адвокат бұл жағдайды қазір өзі қорғап жүрген Юлия Емельянова ісімен байланыстырады. Ол бейтаныс нөмірден келген хабарламаның скриншотын әлеуметтік желіде жариялады.
ЕМЕЛЬЯНОВА ІСІ
Емельянова 31 тамызда ұсталғаны белгілі болды. «Ковчег» антиәскерлік жобасының дерегінше, ресейлік белсенді Қазақстанға транзитпен – Грузиядан Вьетнамға ұшып бара жатқанда келген.
Оның ұсталуына халықаралық іздеуде болуы негіз болған. Ресейде ол телефон ұрлады деген айыппен қудалануда. Алайда Емельянова мен құқық қорғаушылар бұл істі қолдан жасалған деп есептейді. Олардың айтуынша, оған белсенділігі үшін қысым көрсетілген. 2022 жылға дейін Емельянова Ресейде Алексей Навальный штабтарының белсендісі болған.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Қазақстанда Юлия Емельяноваға саяси босқын мәртебесіне өтініш беруші куәлігі берілгені хабарланған. Мұрат Адамның сөзінше, қоқан-лоққылар дәл осы іс туралы сұқбатынан кейін түсе бастаған.